Көбінесе адамның суға батып бара жатқанын фильмдегідей елестетеміз. Айқайлайды, қол созып, көмек сұрайды деп ойлаймыз. Шындығында, суға батып бара жатқан адамның айқайлауға күші жетпеуі мүмкін. Осы ретте теңізге түсу кезінде қайғылы жағдайдың алдын алу үшін қандай ережелерді сақтау керек? Суға батып бара жатқан адамды қалай танып, құтқаруға болады? Осы сұрақтарға Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Жақсылық Әбішов жауап беріп, тұрғындарға кеңесін берді.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Жақсылық Әбішовтың айтуынша, облыста суға түсу маусымы басталғалы 58 адам құтқарылып, 10 адам қаза тапты.
«Көбінесе тұрғындар тыйым салынған, шомылуға жабдықталмаған орындарға барып, теңізге түседі. Кейде мас күйінде суға шомылады. Соның салдарынан суға батып кету фактілері азаймай тұр. Қазіргі таңда облыс бойынша құтқару бекеті он жерде қызмет етіп тұр. Оның үшеуі қала сыртында, атап айтқанда, Кендірлі, Форт-Шевченко және Құрықта. Ал қалған 7 құтқару бекеті қала ішіндегі қауіпсіздікті бақылауда. Яғни, 43 шақырымда, Ақшұқырда, Самал теңіз жағалауында, Тарас Шевченко жағалауында және 4 шағынауданда, Яхта клуб аумағында, Шора аумағында құтқару бекеті жұмыс істеп жатыр», – дейді Жақсылық Әбішов.
Құтқарушылардың айтуынша, жағалауда демалатын адам мына ережелерді міндетті түрде сақтауы керек:
– Демалыс орнын, теңіз жағалауын таңдайтын кезде мұқият зерттеңіз. Жағалауда құтқаруға арналған жабдықтардың болуына мән беріңіз;
– Әр шомылу орнында белгі болуы керек, ал демалушылар сол қалтқылардан аспауы керек. Сонымен қатар үрленген матрас, дөңгелекшелер мен маторлы қайық, жүзу құралдарымен жағажайдан алысқа жүзіп кетпеңіз;
– Ішімдік ішуден аулақ болыңыз;
– Суға шомылу мезгілінде балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
– Шомылуға жабдықталмаған және тыйым салынған жерлерде шомылмаңыз;
– Су айдындарын ластамаңыз;
– Егер адамның суға батып бара жатқанын көрсеңіз, онда дер кезінде құтқарушыларға хабарласыңыз.
Суға батып бара жатқан адам көпшілік ойлайтындай қолын көтеріп, айқайламайды. Үнсіз ғана батып кетеді, сондықтан тұрғындар ол адамға аса мән бермейді. Бұл туралы дәрігер Франческо Пиа жағалау күзетіне тиесілі On Scene журналында суға батқан адамның белгілерін атап өткен.
– Суға батқан адам физикалық тұрғыдан көмекке шақыруға дәрменсіз. Адамның аузы су астында болғандықтан ол тыныс алып, сөйлеп үлгермейді. Судан шыққанда ғана тек тыныс алып үлгереді, содан соң қайтадан суға батады.
– Суға батқан адамдар қолымен көмекке шақыра алмайды. Олар қолымен судан шығуға арпалысып жатады. Осылайша судан шығып, тыныс алуға мүмкіндік алады.
– Суға батқан адамдар қолын бақылауда ұстай алмайды. Қолымен шақыруға, құтқарушыларға жақындауға күші жетпейді.
– Адамның денесі суға батқаннан бастап вертикальді күйде болады. Егер құтқарушы оны судан алып шықпаса, адам жанталасқан күйі 20-60 секунд су бетінде болады. Содан кейін суға батады.
Адамның суға батып бара жатқанын қалай білуге болады?
– Адамның басы суға батып, аузы жоғары жағында болады;
– Басы артқа кетіп, аузы ашық күйде қалады;
– Көзі жабық болады;
– Адам су астында вертикальді күйде болады, аяғымен әрекет жасамайды;
– Белгісіз бағытқа жүзбек болғанмен нәтиже болмайды;
– Шалқасымен жатуға талпынады;
– Адам жиі тыныс алады;
– Ең басты белгі – адам суға батып жатқан жанға ұқсамайды. Сондықтан жанына барып, көмек керек пе екенін сұрау қажет.
Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Жақсылық Әбішовтың айтуынша, құтқарушылар қыс және көктемгі уақытта арнайы дайындалады. Ал жазғы уақытта кезекшілік жасап, теңіз жағалауындағы демалушылардың қауіпсіздігін қадағалайды.
«Қазіргі таңда облыс бойынша 14 техника, 20 жүзу құралы, оның ішінде 4 катер, 7 темір қайық, 8 үрмелі қайық және 1 гидроцикл бар. Әр құтқарушы құтқару кеудешесімен, шеңберімен және қасында міндетті түрде артық құтқару құрал-жабдықтарымен жабдықталған», – дейді Жақсылық Әбішов.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА