«Шам» оқырмандар клубы есеп беру кешін өткізді

Маңғыстауда аймақтағы кітапқұмар жастардың басын біріктіріп, рухани орта қалыптастыру мақсатында ашылған – «Шам дамушы орта» атты оқырмандар клубы жылдың қорытынды кешін өткізді. Есеп беру жиыны Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапханада өтті.

Мұнда жастар Шәмшінің әнін айтып, жарыса поэзия оқып, интеллектуалды ойындар ойнап, домбыра тартып кешті көңілді өткізуге тырысты.

Сондай-ақ, жыл бойы белсенді болған оқырмандар әртүрлі номинация бойынша марапатталып, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлыққа ие болды. Атап айтсақ:

1. “Жыл үздік талқылаушысы” / “Жыл әдеби талқылаушысы”

Ләззат Қабылберді

2. “Жыл жолаушы оқырманы”

Алшынбек Дауылбай (Бейнеу ауданы)

3. “Жыл кітап құмары”

Найзабек Жанбай

4. “Жыл инста әлемінің белсендісі”

Жайна Молдағали

5. “Жыл жанашыр оқырманы”

Марзия Қалпабаева

6. “Жыл талантты оқырманы”

Асылжан Асылбекұлы

7. “Жыл спортшы оқырманы”  номинациясымен Алмас Сабыров марапатталды.

Қазіргі таңда құрамында 140 оқырманы бар клубтың жұмысын жүйелі жүргізу үшін 14 адам ұйымдастыру алқасында мүшелік етеді.  Алқа мүшелері әр шараны мұқият ақылдасып, презентация жасап , оқырмандарға сыйлық дайындап, техникалық қамтамасыз етеді.

Жастар қазақ әдебиетінен бастап әлем әдебиетіне дейінгі классикалық туындыларды оқып, талқылау жиындарын ұйымдастырады.

Бүгінгі күнге дейін оқырмандар «Ақбілек», «Парасат майданы», «Фаренгейт бойынша 451 градус», «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат», «Күретамыр», «Қарғын»,  «Алаш қозғалысы», «Өмірден мән іздеген жан», «Атом әдеттер», «Вавилондағы ең бай адам», «1984» сынды шығармаларды бірге оқып, талдаған.

Клуб мүшелері жыл басынан бастап 12 рет кітап талқы, 8 рет театр талқы, 3 рет кино талқы, 1 рет кітап алмасу  жиынын өткізген. Одан бөлек, «Ауылға кітап» жобасы бойынша Мұнайлы аудандық орталық кітапханасына 50 кітап ұсынып, мұқтаж отбасыларды азық – түлікпен қамтып, Рамазан айында ауызашар жасап, қоғамдық шаралар ұйымдастырған.

Жас кітапқұмарлар туған өлкенің тұмса табиғатымен танысу үшін 2 рет Бозжыра және Тамшалы шатқалдарына саяхат жасады.

– Биылғы жылды осындай жоғары деңгейде аяқтап жатырмыз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Осы жылы көп іс – шаралар атқарып, барынша белсенді болдық. Келесі жылға кітапсүйер оқырмандар санын арттыруды, Маңғыстаудағы кітапханаларды кітаппен қамтамасыз етуді, кітап талқылау жиындарының санын көбейтуді  және басқа да ауыл – аудандарда филалымызды жоспарлап отырмыз деді, –  клуб жетекшісі Жасұлан Гадилбеков.

Рухани ортаның тұрақты оқырмандары да тілек айтудан қалыс қалмады.

– Бүгін облысыта бұрын – соңды  болмаған шара өтіп жатыр. Оқырмандар болып бір – бірімізге көңіл – күйімізді көтеруге тырысып, ән айтып, поэзия оқып жатырмыз. Мен «Жыл талантты оқырманы» номинациясына ие болдым. Бұл одан әрі өнерімді шыңдап, «Шам» ортасы ұйымдастырған жиындарға көбірек қатысуға шабыт береді. Ортамыз одан әрі ұлғайып, дами берсін. Бүгінгі кешті ұйымдастырушыларға зор алғыс білдіремін, – деді клубтың тұрақты оқырманы Асылжан Асылбекұлы.

Айта кетайік, «Шам дамушы орта» оқырмандар клубы жақында аймақ жастары арасында өткен «Жас тұлпар» премиясында «Жыл белсендісі» номинациясына ие болған еді.

Exit mobile version