Республикалық «Ұлы Дала» байқауына өтінім қабылданып жатыр

«АМАНАТ» партиясы Жазушылар одағымен бірлесе Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арнап әдеби байқау жариялады.

«Шығармашылық доданың басты мақсаты – ұлттық және рухани құндылықтарды паш ететін бүгінгі отандық авторлардың шығармаларын қолдау және насихаттау. Сонымен қатар, Мағжан Жұмабаевтың шығармаларындағы ойларды жаңғырту арқылы ағартушының еңбектері мен қайраткерлік ұстанымын өскелең ұрпаққа дәріптеу», – деп атап өтті партия.

Байқауға қатысушылар бес номинация, атап айтқанда «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Әдеби сын» және «Балаларға арналған шығарма» бойынша бақ сынайды.

Бұдан бөлек, байқауда «Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы» және «Алаш аманаты» арнайы жүлделері де қарастырылған. Байқауға 20 мен 45 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады.

Финалдық орын иегерлеріне 1 000 000 теңге, екінші орынға – 750 000 және үшінші орынға – 500 000 теңге беріледі.

Байқау шарттарының мәтіні партияның ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланған.

Жұмыстар 10 қарашаға дейін қабылданады.

Exit mobile version