Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев екінші сессияда ата-ана, жас отбасылармен кездесті. Кездесу барысында «Бақытты отбасының 7 принципі» бойынша сөз қозғап, сұрақтарға жауап берді.
Қазіргі таңда бойдақтардың мәселесі – өмірлік жарды дұрыс таңдау болса, отбасылы адамдарды әрі қарай мықты отбасы қалыптастыру алаңдатады. Мықты отбасы қалыптастыру үшін ортақ диалог, бір-бірін түсіну өте маңызды. Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, отбасындағы жылулық ер мен әйелге тікелей байланысты. Сондықтан қарым-қатынасты жандандырып, оны нығайту үшін екеуі де бірдей атсалысуы керек.
«Қыз бен жігіт болып жүргенде бір-біріне ерекше көңіл бөледі, гүл беріледі де отбасы құрғаннан кейін бұл дәстүр қалады. Негізінде мұны жалғастыру керек. Отбасылық күнді белгілеп, ерлі-зайыптылар бір-бірін кездесуге шақыруды ұмытпағаны жөн. Бұл өзара сырласуына, тұрмыстық мәселелерден бір уақыт алыстауға мүмкіндік береді. Отбасылық кездесуге ата-ене, бала-шаға, туған-туысты қатыстырмаған маңызды», – дейді Ержан Мырзабаев.
Ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас нығайған соң бала тәрбиесі өзінен өзі реттеледі.
«Баланы тәрбиелеу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бала тәрбиесіне отбасындағы атмосфера тікелей әсер етеді. Сондықтан ең біріншіден, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты реттеп алғаны жөн. Есте сақтау керек, баланы ұруға, жазалауға, оған ұрысуға болмайды. Баланы қорқыту арқылы белгілі бір жетістікке жету мүмкін емес. Керісінше, ол баланың бойындағы қабілетті өшіріп, сенімсіздікті қалыптастырады», – дейді психолог.
Сонымен қатар отбасылық психолог балаға ұрысудан бұрын онымен ашық сөйлесіп, қателіктің салдарын түсіндіру қажет екенін тілге тиек етті. Сонда ғана бала саналы түрде шешім қабылдауға, кез келген әрекетті жасайтын кезде ойлануға дағдыланады.
Кездесу соңында аналар отбасылық психологтан кеңес алып, көкейде жүрген сауалдарын жолдады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА