Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Jastar books» жобасына «Kitapal» компаниясының HR директоры, «Лайфхактар», «Не үшін үйлену керек?», «Қаржы қағидалары» кітаптарының авторы, жазушы Данияр Жігітбек пен жылдам оқу маманы, ментор, кәсіпкер Арай Рақмет арнайы келді.
Кездесуде кітап оқудың маңыздылығы, жылдам оқудың тиімділігі мен техникалары сөз болды. Бұдан бөлек кез келген нәрседен мән іздеудің энергия мен мотивацияға әсері, жетістікке жетуді жеңілдететін амалдар жөнінде тұщымды пікір айтылды.
Минутына 30 000 сөз оқитын Арай Рақметтің айтуынша, жылдам оқу – түсінік айту, ал түсінік айту – жылдам оқу.
– Адам қаншалықты жылдам оқыса, соншалықты түсінеді. Мидың деңгейі минутына 150 сөз оқуға дейін жетеді. Жалпы 18 жастан асқан адамдар минутына 500 сөз оқыса, онда дамыған адамның миы деп айтуға болады. Жылдам оқу методикаларын ми арқылы оқитын болсаңыздар мәселе болмайды, – дейді Арай Рақмет.
Сондай-ақ ол жылдам оқуға кедергілерді атап өтті.
– Жылдам оқуда 5 кедергі бар. Біріншісі – нақты мақсаттың жоқтығы. Демек оқырман кітапты ұстаған сайын мақсат қоя білуі керек. Егер мақсат нақтыланбаса, жылдам оқу болмайды. Екінші кедергі – артикуляция. Артикуляция арқылы, яғни дауыстап оқитын болсақ, онда ми ұйықтап жатады. Сондықтан артикуляцияны қолданбау қажет. Үшіншісі – регрессия, бір бетті қайта-қайта оқу. Бұл әрекетті жиі қайталайтын адамның ми деңгейі өте төменгі дәрежеде жұмыс жасайды», – дейді жылдам оқу маманы Арай Рақмет.
Ал төртінші кедергі – көздің көру аймағының жоқтығы. Кедергіден арылу үшін көзге арнайы жаттығу жасауға кеңес берді. Бесінші кедергі – фокус, яғни зейін.
Сонымен қатар маман арнайы жаттығуларды, лайфхактарды айтты. Содан соң кітап оқытуда балалармен дұрыс жұмыс істеудің методикаларын түсіндірді.
Ал Данияр Жігітбек адамды алға жетелейтін ресурстар жайлы сөз қозғады. Ол өмірді жеңілдетіп, уақыт пен энергияның тиімді жұмсалуында миссияның рөлі ерекше екенін атап өтті. Сондықтан бір істі бастамас бұрын ең алдымен өзіңе «Не үшін?» деген сұрақ қойып, мән тауып алу қажет екендігін ескертті.
– Энергияның болуына да бір нәрседен мән көру қатты әсер етеді. Қоғамда қалауы бар, бірақ энергиясы жетпейтін бір топ бар. Тағы бір топ – қалау үшін де энергиясы жоқтар. Қазір біздегі мәселе – осы, миссиясы жоқ жастар көп. Ал миссиясы бар адам өмірде артық іспен айналыспайды», – дейді Данияр Жігітбек.
Адам өз миссиясын «Егер мен болмасам, бұл әлемде не болмайтын еді» деген сұрақпен анықтай алатынын тілге тиек етті. Нақтыласақ, миссия – ешқашан бітпейтін, бірақ күнде жететін мақсат. Ол үшін энергия менеджменті аса қажет.
Данияр Жігітбектің айтуынша, энергия босқа сарқылмас үшін тесіктерді бітеп, тиімді жұмсау қажет. Сонда ғана өмірлік миссияға жету жеңілдейді, мотивация пайда болады. Ал мотивация алудың үш жолы бар.
– Мотивация – процесс пен нәтиженің байланысы. Екіншіден, адам өзіндегі прогресті көру арқылы шабыттанады. Сол сияқты айналадан мүмкіндікті көру де мотивация сыйлайды. Яғни, мотивация – энергияның қайнар көзі. Тиімді жұмсалған энергия ғана, қайта жарамды энергияға алмасады. Бұл бірімен-бірі байланысқан тоқтаусыз жүйе», – дейді Данияр Жігітбек.
Кездесуге келген жастар да белсенділік танытты. Олар оқырмандар клубының жұмысын жетілдіру, қазіргі заман жазушыларының жетіспейтінін, мұғалімдердің оқушымен жұмыс істеудегі қателігі және оқушыларды көркем әдебиетке деген қызығушылығын ояту сынды толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Ең үздік сұрақ қойған оқырманға «Руханият» және «Kitapаlike» кітап дүкенінің 5000 теңгелік сертификаты берілді.
Айта кетейік, «Jastar books» жобасының негізгі мақсаты – кәсіби шыңдалған, еңбек жолында жетістікке жеткен тәжірибелі оқырман мен жастардың арасында сабақтастық орнату, өзара тәжірибе алмасу. Алдағы уақытта жоба өз жалғасын табады.
Жұлдызай Қалиева