Бүгін Ақтауда жас мамандар арасында «Қазақша куиз» зияткерлік сайысы өтті. Білім бәйгесіне әр мекемеден жиналған 10 команда қатысты.
Алдымен Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Бурхандинова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Зияткерлік ойын 7 кезеңнен тұрды. Әр кезеңде түрлі бағыт бойынша сұрақтар қойылды. Әр дұрыс жауапқа 1 ұпайдан берілді. Жас мамандар арасындағы зияткерлік ойынның қорытындысы бойынша жоғары ұпайға ие болған «КазНИПИ» командасы 1-орынды қанжығаға байлады. 2-орынға «159 литр» командасы ие болса, 3-орынды «ӨМГ» командасы алды. Жүзден жүйрік шыққан командаларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Марапаттауға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова келді. Ол өз сөзінде жас мамандар кеңесінің қайта жанданып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар гранттық жобалар мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды сөз етті. Шара соңында өңірдің жастар саясатының дамуына үлес қосып, белсенділік танытып жүрген жас мамандарды марапаттады.
Айта кетейік, зияткерлік ойынның басты мақсаты – жас мамандар арасындағы белсенділігін жан жақты арттыру.