«Ақтау студенттер Альянсы» КҚ «Student Life» жобасы аясында студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары көшбасшыларының кеңесі өтті.
Кеңеске Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай, «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ атқарушы директоры Парасат Серік және өңірдегі колледж студенттері, студенттік ұйымдардың көшбасшылары қатысты.
Кеңес барысында студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысын жетілдіру, студенттердің идеясын іске асыруға бағытталған жобалар, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының президенті сайлауы сынды ұсыныстар талқыланды.
– Біздің мақсат – студенттердің белсенділігін арттыру. Қоғамды өзгертуге, жетістікке жетуге талпынған жастарға мүмкіндіктер беру. Бұл тек бір ғана облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының немесе «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ қолынан келмейді. Сол себепті де студенттердің басын біріктіріп, жаңа көзқарас пен идеяны бір алаңға тоғыстырып отырмыз. Осы кеңесте айтылған ұсыныс, пікірді ескеріп, келесі жылға жоспар жасақталады, – деді «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ атқарушы директоры Парасат Серік.
Сонымен қатар облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай жастарға арналған әлеуметтік бастамалар мен жобалар саны артқанын тілге тиек етті. Осы ретте ол жоба ұсынып, идеясын іске асыратын жастарды қолдайтынын, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысын жандыру қажет екендігін айтты.
Айта кетейік, студенттік кеңес Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығымен бірлесе ұйымдастырылды.