Алматы қаласында өткен Art production “ТалантСтар” ұйымдастыруымен халықаралық балалар мен ересектерге арналған республикалық “JASSTAR” өнер байқауында Жаңаөзен қаласының өнерпаздары Гран-При иеленді. Байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен, Қызылорда, Балқаш, Астана, Шымкент, Аягөз, Жезқазған,Алматы, Алматы облысынан қатысқан талантты балалар вокал, хореография, көркем сөз, аспапта ойнау, бейнелеу, қолөнер номинациялары бойынша өзара бақ сынады. Байқау еліміздің мәдениетін дамытуға, топтардың репертуарлары мен қатысушылардың орындаушылық шеберліктерінің көркемдік деңгейін көтеруге, орындаушылар мен көрермендердің эстетикалық талғамын қалыптастыруға бағытталған.
Жаңаөзен қаласы “Кендірлі” ауылдық мәдениет үйінен бұл байқауға Азамат Амангелдіұлы жетекшілік ететін “Өрлеу” вокал үйірмесінен 17 оқушы, Маржан Саламатқызы жетекшілік ететін “Домбыра” үйірмесінен 3 оқушы қатысып, жеңіске жетті.
– Байқауға еліміздің әр қаласынан талантты өнерпаздар қатысты. Бұл – ересектер мен балаларға арналған байқау. Біздің оқушылырымыз солардың ішінен топ жарды. Кіші және орта топ бойынша да жүлделі І, ІІ орынды иеленді, – дейді жетекшісі Маржан Саламатқызы.