Маңғыстаулық студенттер арасында «Студенттік Startup – 2024» идеялар байқауы өтті. Жастардың әлеуметтік бастамаларын қолдауға бағытталған байқауға 30-дан аса жас қатысты.
Олар әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтарға қолдау көрсету, қоршаған ортаны қорғау және жастар арасындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастардың шығармашылығын дамыту, бос уақытты тиімді ұйымдастыру, зиянды әдеттерден алшақтатып, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша жобасын ұсынды.
Комиссияның шешімімен 5 жоба үздік атанды. Атап айтқанда, М. Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжіне «Жаңғырық» жобасы, Х. Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғарғы политехникалық колледжінің қатысушылары «Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру үшін білім беру бағдарламалары мен оқыту алаңын құру» жобасы, О. Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриалды техникалық колледжі «WAT» «We are together» жобасымен үздік атанды. Сонымен қатар жеңімпаздар қатарында Yessenov University «Экологиялық таза қайта өңделген қағаз өнімдері» жобасы және Бейнеу политехникалық колледжі «Тез тағам жеткізу қызметі» жобасы болды.
Жобасы үздік атанған бастамашыл топқа 200 мың теңге грант берілді.
Айта кетейік, аталған шара «Ақтау студенттер альянсы» КҚ ұйымдастыруымен Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен өтті.










