Маңғыстау облысы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің 1-дәрежелі бақылау басқармасының оқу орталығында мерзімді әскери қызметшілерге арналған психологиялық тренингтер циклі өз мәресіне жетті.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – әскери ортадағы моральдық-психологиялық ахуалды нығайту, сарбаздардың эмоционалдық тұрақтылығын арттыру және олардың психологиялық әл-ауқатын қолдауға арналған.
Бағдарламаға азаматтық ұйымдар, медициналық мекемелер мен оңалту орталықтарынан тәжірибелі мамандар тартылды. Атап айтқанда, психологтар М.Мұстафина, Б.Аяпова, А.Ғойшыбаева, Б. Жұматаева және Г.Шабаева әскери қызметшілермен бірқатар тренингтік сабақтар өткізді.
Кездесу барысында сарбаздардың психологиялық бейімделуі, күйзеліске төзімділігі, ұжымдық қарым-қатынас мәдениеті және жеке тұлғалық даму мәселелері қамтылды. Сонымен қатар қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алып, білікті мамандардың кеңестеріне қанықты.
Сырттан тартылған бейінді мамандардың қатысуы жеке құраммен жұмыс жүргізуде объективтілік пен құпиялылық қағидаттарының сақталуына мүмкіндік беріп, іс-шараның тиімділігін арттырды.

















