Бүгін маңғыстаулық 50 тұрғын бизнес бастауға және дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік гранттармен танысты. Кезекті «Кеңес алаңы» Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Хазар» базарында өтті.
Шараға Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының, «Отбасы банк» Маңғыстау облыстық филиалының, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, Ақтау қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары келді. Олар тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, бағыт-бағдар көрсетті. Атап айтқанда, қала тұрғындарына 2,5 пайыздық шағын несие, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 АЕК гранты, қайтарымсыз 5 миллион теңге гранты жайлы толығырақ мәлімет берілді. Сонымен қатар «Бастау бизнес», «Еңбек skills» бағдарламалары жөнінде де ақпарат айтылды.
«Елде 15 мамырдан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталды. Грант сомасы – 400 АЕК (1 380 000 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді Ақтау қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Ботагөз Карамурзаева.
Оның айтуынша, өтінім беру үшін «Business.enbek.kz» порталына тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту қажет. Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, оны толтыру және порталға енгізу керек. Содан кейін өтініш нысанын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қояды.
«Мемлекеттік грантқа тіркелген жұмыссыздар мен тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер үміткер бола алады. Бұл ретте үміткер әлеуметтік санаттардың бірінен болуы шарт. Нақтыласақ, мүгедектігі бар, қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасы мүшесі, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушыларға басымдық берілген», – дейді Ботагөз Карамурзаева.
Айта кетейік, мемлекеттік грантты алу үшін үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Ал Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының бас маманы Оспан Нысанның айтуынша, кәсіп бастау үшін 5 млн теңгеге дейінгі грантқа өтінім қабылдау 19 маусым күні басталған. Құжаттарды тапсыру kezekte.kz сайты арқылы электронды түрде іске асады. Өтінім қабылдау 27 маусымға дейін жалғасады. Мемлекеттік грант инновациялық жобаға, франчайзинг, өнім өндіруге және зерттеу орталығын ашуға беріледі.
Кеңес алаңына келген мамандар мемлекеттік гранттар жайлы ақпараттарды басқарманың немесе мекеменің ресми сайтынан алуға болатынын жеткізді. Сонымен қатар интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталықтарынан өтінім беруге болатынын еске салды.
Жұлдызай Қалиева