Бүгін аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Маңғыстау облыстық жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Кеңес отырысында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мұқаш Оралбай «Маңғыстау – мүмкіндіктер мекені» жастар саясатын дамыту стратегиясын таныстырды.
Мұқаш Оралбайдың айтуынша, стратегия жастарға қатысты әлеуметтік жағымсыз құбылыстардың алдын алуға, жастарды еңбекке және кәсіпкерлікке баулуға, тең мүмкіндіктер мен жастардың бәсекеге қабілеттілігін шыңдауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек жастар саясатының заманауи тиімді экожүйесін қалыптастыру, өңірде жас цифрлық көшпенділерді қолдау, жастар мәдениетін және креативті индустрияны дамытуға серпін сыйлайды.
⁃ Елдімекендегі белсенді жастардың урбанистикалық бастамаларына қолдау көрсетуді, «Жас цифрлық көшпенділер» жобасын іске асыруды, жастар өмірінің әртүрлі аспектілеріне социологиялық зерттеу жүргізіп, «Маңғыстау жастарының портреті» талдамалық баяндамасын әзірлеуді қолға алу қажет. Оған қоса ауылдық ұйымдарға сол елдімекендегі жастардың сұранысына байланысты әлеуметтік жобаларды іске асыруға мүмкіндік берсек, жастардың мемлекет ісіне араласуын қамтамасыз етуге болар еді. Сондай-ақ аймақта 2015 жылдары бастау алған «Жас мамандар кеңесі» институтын қайта жандандыруды ұсынамын, – деді М. Оралбай.
Содан соң «JasArt» жастар театрының негізін қалаушы Әлия Исаева жастарға арналған шығармашыл ортаның болуы, кітапханаларды жаңғырту жөнінде сөз қозғады. Ал «Aktown» ҚБ негізін қалаушы Нұрсұлтан Мырзабек өңірдегі талантты жастарды әрі қарай қолдауды және сол арқылы өзіндік айдентикасы, стилі бар, аймаққа тән визит карточкасы бола алатындай ауқымды фест ұйымдастыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл туристтік әлеуетті арттыруға көмегін тигізеді. Маңғыстауда IT индустрияны дамыту мақсатында еңбек етіп жүрген Айгерім Мәжтайдың айтуынша, Жаңаөзен қаласында инновациялық орталық ашу керек. Бұл өз кезегінде жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алады, Жаңаөзенде IT бағыты дамиды, IT жобалар көбейеді және білім толығады. Сондай-ақ ол жас IT үздіктеріне облыс әкімінің сыйлығын тағайындауды ұсынды.
Кеңес отырысы барысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев үкіметтік емес ұйымдардың жастар ісі бойынша атқарылып жатқан жобаларымен танысты. Сондай-ақ аймақ басшысы жастардың бастамаларына әрі қарай қолдау көрсететінін айтты. Жастар тарапынан айтылған мәселелер мен ұсыныстарды хаттамаға енгізуді тапсырды.
Айта кетейік, шараға басқарма басшылары, қала және аудандағы жастар ресурстық орталығының басшылары, ҮЕҰ жетекшілері, оқу орындарының басшылары, белсенді жастар қатысты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА