Республика күні қарсаңында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай аймақ жастарымен жүздесіп, еркін форматта кездесу өткізді. Аталған басқосуға өңірдің 14-35 жас аралығындағы белсенді жастары мен қоғам белсенділері қатысқан болатын.
Жиында қатысушы жастар облыс әкіміне жастар мәселесіне қатысты көкейдегі орамды ой-ұсыныстарын жеткізді. Сұрақ-жауап кезінде жастардың бір легі Нұрдәулет Игілікұлына білім, өнер, спорт, руханият салаларындағы мәселелер туралы айтты. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған арнайы орталық ашу туралы ұсыныстарын жеткізді.
Облыс әкімі жастар сауалдарына жауап бере отырып, олардың қоғамда алатын маңыздылығын атап өтті.
«Өңірде талмай еңбектеніп, еліміздің дамуына үлес қосып келе жатқан жалынды жастармен кездескеніме қуаныштымын. Жастарға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту жолдарын бірлесе іздестіру үшін осы жиында бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет жастардың әлеуметтік жағдайына, оларды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша көңіл бөліп келеді. Алайда, жастар саясаты саласында бірқатар мәселелер бар екенін білеміз, соларды шешу үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Бүгінде Маңғыстау облысы бойынша 14 пен 35 жас аралығындағы 235 мыңға жуық жас бар. Бұл көрсеткіш облыс халқының 29,7%-ын құрап отыр. Оның ішінде – 103 348 қалада, 131 548 ауылдық елді – мекендерде тұрып жатыр.