Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкілдері Әзербайжан Республикасында өткен OCEP (Olympic Culture and Education Program) бағдарламасына қазақ мәдениетін таныстырушы делегация ретінде қатысты.
Оқушылармен ұстаздардан құралған бір топ делегация OCEP (Olympic Culture and Education Program) бағдарламасы аясында Бакудегі серіктес мектеп Ағайынды Новрузовтар атындағы №36 мектеп ұйымдастырған мерекелік шараға қатысты.
Мерекелік шараға Әзербайжан Республикасының министрлігі, сондай ақ Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшілігі өкілдері қатысты.
Қазақ мәдениетін таныстырушы делегация ретінде шараға қатысқан NIS өнерпаздары жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Осылайша NIS екі елдің достығын жалғаған алтын көпірге айналды.
– Әзербайжанға сапарымыздың алғашқы күнінде OCEP бағдарламасының ұйымдастырушыларымен қатар әзірбайжандық серіктес мектеп өкілдері бізді керемет көңіл күймен қарсы алып, Бакудің тамаша тарихи, мәдени көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырды. Бүгінде Қазақстанның мәдениетін таныстырушы делегацияның Әзербайжанға келудегі басты мақсаты сәтті орындалды. Өнерпаздар көрермен қошеметіне бөленіп, әзербайжандықтар дәстүрімізбен, мәдениетімізге үлкен құрмет көрсетті. Бұл сапарымыз екі ел арасында достық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне елеулі үлес қосады деп үміттенеміз,- дейді Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Лаура Байтоқаева
Екі мемлекет арасында көпір болған Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен Ағайынды Новрузовтар атындағы №36 мектеппен бірлесе өткізген мәдени алмасу шарасы жоғарғы деңгейді өтті.
Шарада халықаралық байқаулардың жеңімпаздары «Шұғыла» би ансамблі, «Қос перне» домбырашылар ансамблі өнер көрсетті.