Маңғыстауда «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшілігімен «Жастар тағылымдамасы» атты әлеуметтік жобасы басталды. Жоба аясында жас көшбасшыларға арналған байқау ұйымдастырылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Жастар тағылымдамасы» әлеуметтік жобасының координаторы Гауһар Шамқұлова хабарлады.
Байқаудың мақсаты- өңірдегі жастардың тағылымдамаларға қатысуын ұйымдастыру арқылы олардың кәсіби құзыреттерін дамыту, жаңа жас көшбасшыларды анықтау.
– «Жастар тағылымдамасы 2.0» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылған жас көшбасшылар байқауына Маңғыстау облысында тұратын 18 бен 35 жас (қоса алғанда) аралығындағы белсенді әрі көшбасшы жастар, атап айтқанда жастар ұйымдарының жетекшілері, жастар ресурстық орталықтарының басшылары, волонтерлік топтар мен ұйымдардың жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары, жас мамандар кеңесінің төрағалары, саяси партиялар жанындағы жастар қанатының жетекшілері, қайырымдылық топтар мен қорлардың басшылары, әлеуметтік кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, бастамашыл топтардың көшбасшылары қатыса алады, – деді Гауһар Шамқұлова.
Байқауға қатысу үшін үміткердің қоғамдық қызметте тәжірибесі, жүзеге асырған әлеуметтік немесе әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық жобалары мен жеке жетістіктері болуы шарт. Байқаудан өткен жастар Түркия мен Әзербайжан Республикасына және Алматы қаласындағы ҮЕҰ-ына, әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарына тағылымдамаға барады. Қатысушылар 14 қыркүйекке дейін өтінім жолдай алады.
Аталған жоба былтыр да өңірде орындалған еді. Жоба аясында облыс жастары Қырғызстан, Грузия елдерінде тағылымдамадан өтті. Солардың бірі – «Жастар тағылымдамасы 2022» әлеуметтік жобасының қатысушысы Нұрлан Қуанышбай. Ол өзінің Грузия мемлекетіне сапары туралы айтып өтті.
– Біз ең алдымен Грузия жастарымен етене араласып, танысып, достық қарым-қатынас орнаттық. Сол жақтағы шетелдік мамандармен тәжірбие алмасып, біліктілікті арттырдық. Өзге ел мәдениетін тереңнен зерделеуге мүмкіндігі туды. Болашақта осы тәжірибені іс жүзінде игеріп, өңір дамуына зор үлес қосуға ниетті жастар қатары көп.