Маңғыстаулық жас «Tez Soilе» Speaking Club ашқан

Фото Самилланың жеке мұрағатынан алынды

Мұнда кез келген жас ағылшын тілінде пікір алмасып, түрлі тақырыпта әңгіме өрбітеді. Клубтың жетекшісі – он сегіз жастағы Самилла Махмутова. Биыл Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебін бітірді. Осы орайда Самилламен әңгіме өрбітуді жөн көрдік.

– Самилла, FLEX бағдарламасымен Америкада бір жыл оқыған екенсіз. Елдегі білім беру жүйесінен қандай артықшылықтары бар?
– 2021 жылы FLEX (Future Leaders Exchange Program) атты бағдарламасының финалисті атанып, бір жыл Америкада оқыдым. Американың оқуы Қазақстанның оқу бағдарламасынан мүлдем бөлек. Сондықтан кей тұсы тым жеңіл болса, кейбір тұсын үйренуге біраз уақыт керек. Мені таңғалдырғаны – сабақ күнтізбесін және оқитын пәндерді өзіміз таңдаймыз. Пәндер бізге ортақ математика, химия, қазақ тілі деп шектелмейді, бір пәннің бірнеше түрі мен деңгейі болады. Сонымен қатар мектеп оқушының болашақта таңдар мамандығына қарай түрлі бағыттардағы пәндерді ұсынады. Мысалы, бизнес, маркетинг, сән, криминология, психология, театр және тағы басқа.
– Шетелде өмір сүру сізді неге үйретті?
– Америка менің екінші үйім сияқты сезіледі. Шын мәнінде де Хост отбасымның арқасында Висконсин штатында екінші үйім бар. (күліп) Менің ойымша, Америкада еркіндік сезіледі, self-expression, яғни өзіңді, өз ойыңды бірнәрсе арқылы танытуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ кездескен түрлі таңдаулар мен күнделікті тұрмыс нысандары мені ерекше шабыттандырды. Америкада өмір сүру тәуелсіз, салмақты, жан-жақты, ашық, жаһандық азаматша болуға үйретті. Сонымен қатар тұлға ретінде қалыптасуына, дамуына мүмкіндік беретін жаңа орта таптым.
– «Tez Soile» клубын Америкадан келгеннен кейін аштыңыз ба? Сол жөнінде айтсаңыз?
– Ия, емтихандар мен университетке құжаттарымды тапсырғаннан кейін идеяны іске асырдым. Клубты ашудағы негізгі мақсат – ағылшын тілінде сөйлеуді жақсарту, жаңа адамдарды кездестіріп, әңгімеге араласу. Ағылшын тілінде ой бөлісу арқылы адамдардың көкжиегін кеңейту. Қазіргі жастар өте прогрессивті. Тым жаспын деген шектеу жойылып бара жатыр. Мұны даму үшін мүмкіндіктерге ілесіп, өзінің таным деңгейін дамытып жатқан жастардан байқауға болады. Осы ретте «Tez Soile» дамимын деген әрбір жасқа көмек бере алатынына қуанамын.
– Қандай тақырыптарды талқылайсыздар?
– Клубта ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларына ерекше мән береміз. Әр апта сайын 3 топ (Intermediate, Upper & Advanced және онлайн топ) үш түрлі күнде кездеседі. Ал IELTS, TOEFL емтихандары кезінде жалпылама кино, музыка, достар, қарым-қатынас, менталды денсаулық, жаһандану секілді тақырыптар төңірегінде сөйлесеміз. Тек қатысушылардың қалауымен саясат, дін тақырыптарын қозғамаймыз. Сонымен қатар кино кештерін де ұйымдастырып тұрамыз.
– Жастар «Tez Soile» клубына кіру үшін не істеуі қажет?
– «Tez Soile» клубының мүшесі болу – өте оңай. Жай ғана @tezsoile парақшамыздағы профильде тұрған сілтеме арқылы өтіп, арнайы форманы толтыруы қажет. Клуб кездесулері әр топ үшін аптасына бір рет Азаматтық Альянс ұсынатын коворкинг орталығында ұйымдастырылады. Кейде пикник немесе кофейняларға шығып тұрамыз.
– Самилла, журналистика мамандығын таңдауыңызға не түрткі болды?
– Жалпы журналистика, медиа саласын нақты 10-сыныпта таңдадым. Медиа саласына қызығушылығым мен икемім бар екенін 8-сыныбымда байқадым. Сол сәттен бастап оқу медиа платформасында копирайтер және дизайнер еріктісі болдым. Уақыт өте келе желіге жүктелетін ақпарат пен сол ақпаратты қабылдау механизмі жайлы ойландым. Түрлі кітаптар, жұмыстармен танысып, журналистика саласын жан-жақты зерттедім. Соның нәтижесінде өзімді оқу мен білім, self-development, mental health секілді тақырыптарды насихаттаушы журналист ретінде көріп тұрмын. Осылайша, көпшілікке, жастарға керекті де өзекті даму жолдарын креативті жолмен таныстырғым келеді.
– Қоғамда ненің өзгергенін қалайсыз?
– Қоғамда қарапайымдылықтың мәні өскенін қалар едім. Жұрттың ойына қарағанда адамның жеке көзқарасы мен талғамы биік болғанын әрі оны бағаланғанын құптар едім. Оқу мен сауаттылықты арттыру бәріне бірдей қолжетімді болса, сонымен қатар қоғамның әрбір сатыдағы мүшесі үшін теңдік пен еркіндік орнаса, керемет болар еді.
– Самилла, алға қойған мақсатыңызбен бөліссеңіз?
– Мақсатым – өмір бойы білім алуға деген құштарлығымды жоғалтпау. Соның арқасында өзіме қызық музыка, кино, психология және шет тілдері салаларын кеңінен игеріп, білікті де сенімді маман болғым келеді. Болашақ мамандығым адамдармен тығыз байланысты болғандықтан барынша пайда көрсеткім келеді. Ең бастысы – бақыт пен гармониядан арылмау.
– Жастарға айтарыңыз болса, мархабат.
– Жастарға айтарым: Never give up. Ешқашан берілмеңіз. Өзіңізге сеніңіз. Белгілі бір нәрсеге қол жету жолындағы ұзақ уақыт оның орындалмайтынын білдірмейді. Керісінше, кіші қадамдармен үлкен мақсатқа міндетті түрде жетесіз. Жан-жақты дамып, өзіңізге ұнайтын, өзіңіз сенімді бағыт табуыңызға тілектеспін! Бастысы өзіңізге және қоршаған ортаға мейірімді, позитивті күйде қараңыз!
– Самилла, сұхбат үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Exit mobile version