Әлихан Смайылов 28 шілде мен 8 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында өткен ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарымен кездесті.
Қазақстанның студенттер құрамасында 11 спорт түрінен 90 спортшы қатысты. Олардың қатарында маңғыстаулық Сұңғат Жұбатқан мен Асқар Нарқұлов болды. Кездесуге ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те қатысты.
Құрама команда жалпы медальдық есепте 119 елдің арасынан 20-орынды иеленді. Дзюдо спорт түрінен Қазақстан құрамасына екі қола жүлдені маңғыстаулық Сұңғат Жұбатқан 66 келі салмақта және Асқар Нарқұлов 73 келі салмақта әкелді.
Өз кезегінде Премьер-Министр студент жастардан құралған қазақстандық атлеттер осы халықаралық жарыстарда өзін лайықты көрсеткенін атап өтті.
– Қазақстандықтар сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтады. Сіздер, Қытайда еліміздің абыройын асқақтаттыңыздар, — деді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов атап өткендей, бүгінгі таңда қазақстандық спорт жаңа есімдерге, яғни спорт саңлақтарының орнын басатын жас спортшыларға мұқтаж. Сондықтан да Универсиададағы бүгінгі жеңіс – бұл болашақта олимпиадалық жетістіктерге жетелейтін нақты қадам.