Бүгін дзюдодан Венгрияда өтіп жатқан әлем чемпионатында маңғыстаулық Мейірлан Максим жарыс жолына шығады. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында күресетін жерлесіміз 90 келіде өнер көрсетеді.
Мейірлан бұл сында алғашқы белдесуін 1/32 финалдан бастап, Франция балуаны Алексис Матьёмен шеберлік байқасады. Сондай-ақ, Мейірлан француз дзюдошысынан басым түскен жағдайда 1/16 финалда Доминика балуаны Роберт Флорентиномен кездесуі мүмкін.
Будапештегі әлем чемпионатында 90 келі салмақ дәрежесі бойынша барлығы 47 балуан өнер көрсетеді.
13-20 маусым күндері Будапешт қаласында өтетін татами шеберлерінің бәсекесіне Қазақстан ерлер құрамасы толық құрамда қатысып жатыр. Ал Мейірлан Максим биыл сәуір айында Таиландта өткен Азия біріншілігінде қола медальға қол жеткізген еді.