Маңғыстау облысында жастар күніне орай 7-12 тамыз аралығында «Jastar week» жастар апталығы өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай хабарлайды.
Спикердің айтуынша, аталған апталықтың басты мақсаты- жастарға арналған қоғамдық-мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы атаулы күннің қоғамдық мәртебесін көтеру.
– Осы аптада түрлі жобалар іске асады. «ZhasArt» театры маусымының ашылу салтанаты өтеді. 21 топтың қатысуымен «Qazaqsha Quiz» сайысы ұйымдастырылады. Бұл шараға өңірдің түкпір-түкпірінен жастардың қатыса алады. Сондай-ақ әртістерге арналған алуан түрлі қызықты қойылымдар сахналанады. Апталық аясында ерекше «Кешкі шәй» жобасы бастау алады. Қала тұрғындары мен қонақтары өзара кітап алмасады, кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылады, әндер шырқалады, халық кешкілік уақытты көңілді өткізу мүмкіндігіне ие болады, – деді Мұқаш Оралбай.
Сондай-ақ, брифингте спикер Бейнеу ауданында жастар арасындағы аудандық жүгіру марафоны, Қарақия ауданында жастар арасындағы жағажай волейболынан және 3х3 стриболдан сайыс, Маңғыстау ауданында жастар арасында аудандық футбол ойыны мен Мұнайлы ауданы бойынша садақ атудан сайыс өткізілетіні туралы айтты.
-Апталық аясында аудан және қала орталықтарында танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен жастарға арналаған мерекелік концерттер қойылады. Сонымен қатар, облыс бойынша 25-ке жуық қоғамдық-мәдени, спорттық шаралар өткізілетін жастар апталығы жөнінде ақпаратты өңірлік жастар ресурстық орталықтарының әлеуметтік ресми парақшаларынан танысуға болады. Осы тұрғыда, жастарға арналған «Жиналайық» кеші өңірдегі көшбасшылар пулін қалыптастыру аясында «Youth Leadership School» бағдарламасы таныстырылады, – дейді Мұқаш Оралбай.