«Маңғыстау-Медиаға» қарасты облыстық, қалалық және аудандық газеттер ертеңнен бастап жаңа дизайнда түрлі-түсті форматта шыға бастайды. Бұл туралы «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Гүлмира Әбішова өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында хабарлады.
– Медиа орталыққа келгенде жоспарлаған жұмыстарымның бірі – басылымдардың сапасын арттыру, заман талабына сай форматқа көшу болатын. Осы бағытта жасалған келіссөздердің нәтижесінде газеттеріміз енді D2 форматында жарық көреді. Әлемдегі іргелі басылымдар, сонымен қатар еліміздегі «Егемен Қазақстаннан» бастап республикалық газеттердің дені қазір осы форматқа көшкен. Газеттеріміздің форматы ғана емес, дизайны да, тіпті бірінші бетіндегі басылым атауларының қарпінен бастап өзгерді,- делінген жазбада.
Жазба авторының айтуынша, жаңа форматқа көшу «Маңғыстау-Медиа» үшін экономикалық тұрғыдан да тиімді. Өйткені, осыған дейін газеттерді басып келген жекеменшік баспахана биыл қызмет көрсету құнын 40 процентке көтерген. Тиісінше, басшылық әлгі баспахана қызметінен бас тартқан. Қазіргі таңда жаңа форматтағы газеттер «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан басылып шығатын болады.
– Алдағы уақытта контент мәселесіне, газеттердің мазмұнын дамытуға жіті көңіл бөлінеді. Басылымдардың бас редакторларына жаңа айдарлар ашып, оқырмандардың сұранысын зерттеп, соған сай тың тақырыптарды қолға алуды, талдау мен сараптамаға баса назар аударуға тапсырма берілді. Әрине, барлығы патша көңілді оқырмандарымыз үшін! Медиадағы әр жетістік ұжымның бірлескен жұмысының жемісі,-деп жазды Г.Әбішова.