Мерекелік кешке маңғыстаулық әнші, актриса, әлеуметтік желінің белсенді қолдаушысы Асылтас Аяп, «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасының финалисi Ақниет Әбитмұқан келді. Кеш қонақтары қала жастарына әсем әнін арнап, көтерiңкi көңіл-күй сыйлады. Кеш барысында Асылтас әлеуметтік желіні шулатқан «Je veux» француз әні жайлы сұрақтарға жауап берсе, Ақниет «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасындағы есте қалған естеліктерiмен бөлісті.
Ал Азия кубогының жеңімпазы, Еуропа кубогының және Гранд Слам жарысының қола жүлдегері, жақында Қытайда өткен Дүниежүзілік универсиаданың қола жүлдегері, маңғыстаулық дзюдошы Сұңғат Жұбатқан жастарға iзгi тiлегiн жеткізді. Сондай-ақ жиналған көрермендермен бірге ләңгі теуіп, ойнады.
Бұл кеште тек ән шырқалмады, маңғыстаулық жастар арасында түрлі конкурстар да ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға демеушілер @tamitami_aktau, @zhekas_coffee_aktau, @kitapalike, @ali_doner_aktau және @sneakerhub_aktau тарапынан сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ кеште өңiрдiң талантты жастары караокеде ән айтып, өнер көрсетті. Осылайша жастардың еркін басқосуы көпшілікке ерекше вайб, мерекелік атмосфера сыйлады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ