«Каспий» футзал клубының ойыншылары Ақжол Қайратұлы, Арнольд Кнауб, Жахангір Рашит және Райымбек Жұма ұлттық құраманың оқу жаттығу жиынына шақырту алды.
Жергілікті команда ойыншысы, жаңаөзендік футболшы Райымбек Жұманың айтуынша, ұлттық құрамаға бірінші рет шақырту алып тұр. Тіпті, мұндай шақыртуды күтпегенін, бәрі тосыннан болғанын айтады.
«Қазақстан кубогы болатынын бапкеріміз айтқан еді. Сөз барысында ұлттық құрамаға өтуге мүмкіндігіміз бар екенін жасырмады. Әрине, ол үшін осы кубокта жақсы ойын өрнегін көрсету керек деп, тапсырмасын берді. Дәл осы бапкер айтқан сөзден кейін алдыма мақсат қойып, алға ұмтылдым», – дейді «Каспий» футзал командасының ойыншысы Райымбек Жұма.
Оқу жаттығу жиыны 11 қыркүйек күні басталған. Айтуынша, барлығы жақсы, ойдағыдай өтіп жатыр. Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынында алғаш болған соң бәрі қолдау көрсетіп, көмектесіп жатыр.
Жаттығу жиыны 19 қыркүйекке дейін жалғасады. Содан соң 19-20 қыркүйек күндері Қазақстан ұлттық құрамасы Әзербайжан ұлттық құрамасына қарсы екі жолдастық кездесу өткізеді. Кездесу Ақтау қаласында өтеді.
«Бұл ұлттық құрамадан алған алғашқы әрі соңғы шақырту болмауы тиіс. Сондықтан бар күш-жігерімді жиып, дайындық жүргізіп, тағы да шақырту алуға талпынамын. Сондай-ақ «Каспий» командасымен чемпиондар лигасына жолдама алғым келеді», – дейді Р. Жұма.