Бүгін Маңғыстау облысының түкпір-түкпірінен келген 100 жас мұғалімнің қатысуымен Ted форматта кездесу өтті. Кездесуге Yessenov University-нің академиялық жұмыс жөніндегі вице-президенті, э.ғ.к., РФ компьютерлік ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі Қайырбек Макулов қатысты.
Ол кездесу барысында өзінің еңбек жолындағы жетістіктері мен тәжірибесін айтты. Сонымен қатар Yessenov University-дің миссиясын түсіндіріп, университет қабырғасында жұмыс істеудің ерекшелігі мен жауапкершілігін сөз етті.
Қайырбек Макулов соңғы уақытта шетелден келетін студенттер саны артқанын тілге тиек етті. Бұған елдегі тұрақтылық, білім мен ғылым саласындағы оң өзгерістер себеп болып отыр.
Университеттің вице-президенті Қайырбек Макуловтың айтуынша, университетке де, колледжге де сұраныс көп. Сондықтан студенттерді конкурс арқылы қабылдауды жөн көреміз.
– Себебі бәсеке бар жерде сапа болатыны белгілі. Қазір заман дамыған сайын кей мамандықтардың да қажеттілігі азаюда. Осы орайда Маңғыстауда өңірдің еңбек нарығына сай «Жаңа мамандықтар атласы» әзірленген болатын. Яғни, атлас мұнай-газ, ақпараттық технологиялар, білім беру, туризм, көлік және логистика бағыттары бойынша орындалады. Жоба аясында облыста қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін анықтау үшін талдау жүргізілді. Бұл өз кезегінде 8 – 11-сынып оқушыларының қажетті мамандық таңдауына септігін тигізеді, – деді Қайырбек Макулов.
Шара соңында мектеп мұғалімдері сұрақтарын қойып, пікір алмасты.