Бүгін Ақтау қаласындағы «Tree of Life» демалыс базасында «Caspian camp» батыс аймақтық жастар лагері басталды. Лагерьге Орал, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан келген 70 жас жиналды.
Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан лагердің мақсаты – жастар саясатын іске асыру, үздік тәжірибелермен алмасу, жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесу. Сонымен қатар Батыс өңіріндегі көшбасшы жастардың басын біріктіру.
Өңірде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан лагердің ашылу салтанатында облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Баянқызы сөз сөйлеп, алдағы үш күнді қызықты өткізуге сәттілік тіледі.
– Биыл батыс өңіріндегі жастардың басын біріктіріп, бір толқында болуды жөн көрдік. Осы уақытқа дейін тек өңір жастары арасында өткізілетін жастар лагері біз үшін жаңа деңгейге шығып жатыр. Біздің мақсат – жастардың ынтымағын арттыра отырып, ортақ идея мен мақсатты орындау, нәтижеге жету. Іске асып жатқан жобаларды таныстырып, қолдау көрсету. Алдағы үш күнде ұмытылмас естеліктер мен сапалы білім, тәжірибе аласыздар, – деді Г. Баянқызы.
Жалпы лагерь аясында жеке және кәсіби құзыреттерді дамыту бағытындағы тренингтік оқыту, жастарға арналған trend-сессиялар, тимбилдинг, нетворкинг болады. Бұдан бөлек психологиялық және логикалық тапсырмалары бар квест ұйымдастырылып, «Stand Up Aktau» әзілкештер клубының концертін тамашалайды. «BasTime» командалық зияткерлік ойыны және «Маңғыстау жұлдыздары» кеші де өткізіледі.
Лагердің алғашқы күнінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ашық әңгіме алаңында жастармен бірге болды. Сұрақтарына жауап беріп, еркін сұхбаттасты. Сондай-ақ Ескендір Бестай «Бизнес модель» тақырыбында семинар тренинг өткізсе, Саят Ибраимов «Мақсат және миссия» бойынша білім берді.
Еске салайық, жастар лагері 28 қыркүйекке дейін жалғасады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Фото авторы: Асхат МЕКЕ