12 қыркүйек – Қазақ киносының күні. Қазақ киносы қазақ жерінде Қазан төңкерісінен кейін пайда болды. Алғашқы киношежіре 1925 жылы түсірілді. 1928 жылы РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанынан акционерлік «Востокфильм» кино қоғамы құрылды. 1929 жылы Алматыда оның өндірістік бөлімі ашылды да, ол Қазақстанның өмір-тұрмысы туралы «Соңғы хабар» атты киножурнал шығарып тұрды. Режиссер В.А. Турин ел өміріндегі тарихи оқиғалардың біріне саналатын Түркістан – Сібір темір жолы құрылысы жайлы «Түрксіб» атты деректі фильмін қойды. 1934 жылы Алматыда «Кеңестік Қазақстан» киножурналын үзбей шығарып тұратын Республикалық киношежіре студиясы құрылды. Осыдан кейін қазақ киносы жаңа өркендеу жолына түсті. «Ленфильм» студиясының ұжымы қазақтың алғашқы кино қайраткерлерінің қатысуымен «Амангелді» көркем фильмін жасады. Қазақ көркем фильмдерінің тарихы осы туындыдан басталады.
«Ленфильм» студиясында түсірілген картина ұлт батыр Амангелді Иманов туралы баяндады. Режиссері – Марк Левин, ал Амангелдінің рөлін актер Елубай Өмірзақов ойнады. Осылайша, қазақтар туралы түсірілген алғашқы фильм дүниеге келді.
Қазақ киносының одан арғы дамуы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына келді. «Ленфильм» мен «Мосфильм» студиялары Алматыда жұмыс істей бастады. 1941 жылдың 12 қыркүйегінде Алматы қаласында фильмдердің түсірілімімен Көркем және деректі фильмдер студиясы айналыса бастады. Кейіннен ол «Қазақфильм» атауына өзгертілді.
2005 жылы Қазақстан кинематографистері одағының басшысы Бауыржан Нөгербеков бұл күнді (12 қыркүйек) «Қазақ киносының күні» деп атауды ұсынды. Содан бастап бұл дата жыл сайын атап өтіліп келеді