3 шілде күні Ақтау қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны ұйымдастырылды.
Аталған республикалық эстафета Ақтөбе облысынан басталып, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары арқылы бүгін Маңғыстау өңіріне жетті. Ақтауда өткен салтанатты шарада Маңғыстау жастары «Өсиет хатты» ресми түрде қабылдап, оны Қызылорда облысына жолдайтын болды.
Маңғыстау облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Айжан Тасымбаева жобаның ел жастары үшін рухани маңызын атап өтті.
Бұл жоба арқылы біз жастарымыздың бойына отансүйгіштік рух пен тарихи жадыны сіңіруге үлес қосып отырмыз. Ардагерлердің аманатын лайықты жеткізу – әрбір жас буынның парызы, – деді Айжан Тасымбаева.
Іс-шараға Атырау облысы делегациясының құрамында Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің басшысы Айдар Жален, сондай-ақ Атырау қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Еркебұлан Мутигуллин қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған Ақтау қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Қаржаубай Аққұлов бұл жобаның тек формалды шара емес, тарихи жауапкершілік пен ұрпақтар сабақтастығын тереңінен сезіндіретін бастама екенін айтты.
«Ардагер өсиеті» марафонының басты мақсаты – ел қорғаған ерлердің ерлігін есте қалдырып, жас ұрпаққа үлгі ету. Жоба жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, тарихи жадыны сақтау мен ел бірлігін нығайтуға бағытталған.