Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Жантөре Ғалымжан белді университеттерден оқуға шақырту алды. Республикалық пәндік олимпиаданың қола жүлдегері Жантөре осы жетістігі үшін Қазақ-Британ техникалық университетінің толық грант иегері атанды.
– Бітіруші түлек үшін университеттен шақырту алудан асқан бақыт жоқ шығар деп ойлаймын. Өйткені оқушыларды «қайда оқуға түсемін, қандай мамандық таңдаймын» деп қатты уайымдайды. Менде бұл жағынан ешқандай қиындық туындамады, себебі болашақ мамандығыма, информатика пәніне деген қызығушылығым төменгі сыныптардан басталды. Сол кезде мамандығымды нақты шешкен секілдімін. Ал қазір информатика пәніне деген ынтамның арқасында жоғарғы оқу орындарынан шақырту алып жатырмын, – деді Жантөре Ғалымжан.
Айта кетейік, Жантөре жақында өткен республикалық пәндік олимпиаданың нәтижесінде Қазақстандағы ең үздік жоғарғы оқу орнынан шақырту алды. Сондай-ақ Гонконгтағы ең ірі 9 университеттің төртеуінен шақырту алған. Олар – Гонконг Ғылым және Технология Университеті(HKUST), Hong Kong Baptist University (HKBU), City University of Hong Kong(СityU) және Гонконг политехникалық Университеті (PolyU). Аталған жоғары оқу орындары Азия университеттерінің көшін бастап тұр.
Болашағын компьютер ғылымдарымен байланыстырғысы келетін оқушы шетелге әзір асықпайтынын айтты.
Ұқсас жазбалар: Ақтаулық оқушы шетелдің 5 университетіне шақырту алды
– Шетелге оқуға шақырту алғаныммен алдымен Қазақстанда білім алу жоспарда тұр. Шетелге асықпаймын, өйткені әлі көп нәрсе үйреніп, білуім керек. Елде білімімді толықтырғаннан кейін келесі қадамдарымды жоспарлаймын. Қазіргі мақсатым – Назарбаев Университеті немесе Қазақ-Британ техникалық университетінде оқу, – деді Ж. Ғалымжан.
Информатика пәнінің мұғалімі Ақмарал Алмабекованың айтуынша, Жантөре Ғалымжанның тұрақтылығы оқуда жетістікке жетуіне мүмкіндік беруде.
– Информатика пәніне қызығушылық танытатын оқушы көп. Алайда соңына дейін баратын жас саусақпен санарлық. Өсе келе баланың ойы, өрісі сан мың мәрте өзгереді. Ал Жантөреде 7-сыныптан басталған қызығушылық әлі өзгермеді. Бір бағытта дамудың және үздік еңбектің нәтижесі бүгінде өз жемісін беруде. Жетекшісі ретінде Жантөре қандай жетістікке жетсе де толықтай өз еңбегінің арқасында болып жатыр деп есептеймін,-дейді информатика пәнінің мұғалімі Ақмарал Алмабекова.