28 жастағы блогер Владислав Прохоров ойлап тапқан радиомен басқарылатын көлік бейнекамера және арнайы табақшамен жабдықталған. Ол арнайы көлігімен Ақтау көшелеріндегі қаңғыбас жануарларды қоректендіреді.
Өңірлік қоғамдық коммуникация орталығының жазуынша, Instagram әлеуметтік желісінде ақтаулық тұрғынның бұл әрекеті қызу талқыға түсіп, жеке парақшасы жоғары танымалдыққа ие болып келеді.
«Бір жылдан астам уақыт бұрын мен қаңғыбас мысықтар мен иттерді күнделікті қалай тамақтандыратынымды көрсететін блог жүргізе бастадым. Бұралқы иттер мен мысықтардың таңсық әрекеті, қорегіне ауыз салмас бұрын жиі иіскейтіні мені таң қалдырды. Жануарлардың өз азығы үшін айла-қулығы түсірілім барысындағы ең қызықты кадрлар деуге болады. Менің контентімнің басты көздегені- қоғам назарын қаңғыбас жануарлар жайына аудару, оларға қамқор қарым-қатынас орнатуға үгіттеу. Блогымның нәтижесінде адамдар қаңғыбас иттер мен мысықтарға тамақ беріп бастады. Мен үшін бұл үлкен көрсеткіш», – деді Владислав Прохоров.
Сондай-ақ, блог авторы ауру мысықтар мен иттерді емдейтінін айтты.
«Менің бейнежазбаларымда мысықтың ауырып тұрғаны байқалса, көрермендерім оны емдеуге ұсыныс тастайды. Тіпті, кейбіреулері мысықты емдеу үшін ақша жібереді. Мысалы, мен 12 жастағы Маркиз есімді мысықты кездестірдім. Оның жағдайы өзге мысықтармен үнемі төбелескендіктен өте нашар еді. Маркиз өмір сүрген ауланың тұрғындары оны маған бірден бергісі келген жоқ. Десе де оларды көндіріп ауырып тұрған мысықты 5 күн бойы дәрігерге апарып, емдеп алдым. Өкінішке орай, жақында жасы келіп қайтыс болғанын естідім», – деді Владислав Прохоров.
Қазіргі таңда блогердің Instagram-дағы парақшасына барлығы 211 мыңнан астам адам жазылған.