Ақтауда жас наубайшы бір күнде 70-ке жуық нан пісіреді

Ерте жастан еңбекке бейім болған он жеті жастағы Жарболсын Хайрулла қазір көпке ас атасы нанды ұсынып, жергілікті халықтың ықыласына бөленіп жүр. Бүгін, 16 қазан – халықаралық нан күні қарсаңында наубайшы Жарболсынмен танысып, мамандығына деген махаббаттан туған өнімдерге куә болдық. 

Жарболсын Хайрулла 2006 жылы Ақтау қаласында туып, өскен. Он үш жасынан бастап ізденіске құштар, еңбек етуге ынтасы зор болған. Содан бері бір орында тұрақтамай, алға ұмтылудан тайынған емес. Оның айтуынша, жетістіктің басты кілті – еңбек пен ізденіс, жақсыдан үйренуден жалықпау. Осылайша, ол ағасының қасында даяшылықтан бастап, аспаздыққа дейін жұмыс істеген. Өмірлік жолды, мамандықты таңдауға да аға кәсібі себеп болған. Қазіргі таңда «Кондитерлік ісі» мамандығы бойынша Маңғыстау туризм колледжінде 3-курста білім алып жүр. Негізгі қалауы аспаз болу еді, дегенмен тәтті кондитерлік тағамдарды әзірлеу де аспаздықтың бір бағыты екенін тілге тиек етті.

Ал наубайшы болу оның ойына тіпті кіріп те шықпаған.

«Қаламызда жақында ашылған «Koktem» кафесінен наубайшы болуға ұсыныс түсті. Алайда, нан пісіруді білмейтін едім. Осы орайда кәсіп иесі нан пісірудің қыр-сырын үйрету үшін арнайы оқытатынын айтқанда, ойланбастан ұсынысты қабыл алдым. Жұмысқа орналасқаннан кейін 1 ай Астана қаласында дәріс алып, нан пісіруді үйрендім. Соның нәтижесінде қазір халыққа түрлі нанды ұсынып отырмыз. Әрине, алғашқы кезеңдерде түрлі қорқыныштар, нанның дәмі мен құрылымын келістіре алмаған сәттер де болды. Десе де әріптестерімнің, ата-ана, достарымның қолдауымен, өзімнің «жаңа істі меңгеріп, шыңына жетемін» деген ниетімнен бәрі өз нәтижесін беруде», – деді Жарболсын Хайрулла.

Бүгінде жас наубайшы күніне 70-ке жуық түрлі нан пісіреді. Соның ішінде 6 түрлі нан, атап айтқанда катин нан, багет, сарымсақ қосылған нан, қара бидай наны, фокачча және чиабатта тұрғындар арасында сұранысқа ие.

«Тұтынушылармен жиі кері байланыс орнатуға тырысамын. Олар біздің нанды жегеннен кейін дүкеннен нан сатып алуға асықпайды екен. Яғни, дүкенде сатылатын нанның ашытқысы көп, қоспалар қосылатын болғандықтан тығыз болады, ұзақ қортылады. Мұны тұрақты клиенттер де байқап, наубайханадан жиі нан алуға тырысады. Себебі біздің нанның құрамы жеңіл, тез қорытылады», – деді наубайшы.

Сонымен қатар ол аспаздық ерекше қабілетті, таза ниет пен креативті талап ететінін жасырмады. Оның айтуынша, аспаз қатып қалған рецепт бойынша ғана ас дайындамайды, оның жан-дүниесі, ішкі күйі, ниеті тағамның дәмді әрі сапалы шығуына әсер етеді. Кейіпкеріміз Жарболсынның алдағы мақсаты – білім жолын жалғастырып, тәжірибесі мен біліктілігін арттыру, өзін жан жақты дамыту.

«Маңғыстау жастары» жас наубайшыға сәттілік тілейді!

 

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Exit mobile version