Бүгін теңіз жағалауында ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтті. Спорттық бәсекені Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы және Маңғыстау облысының дзюдо күресі және жекпе-жек түрлері федерациясы ұйымдастырды.
Алдымен облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мұқаш Оралбай мен «Біз спорт үшін есірткіге қарсымыз» ҚБ-нің басшысы Роман Оразымбетов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа ұйымдаспаған жастардан құралған 5 команда қатысты. Яғни, 8, 26, 27, 28, 29 шағынауданы бойынша құралған команда мүшелері өзара бақ сынасты. Олар ләңгі тебу, арқан тартыс, қазақ күресі, қол күресі, гір тасын көтеруден сынға түсті.
Қатысушылар алдымен ләңгі теуіп жарысты. Тартысқа толы сайыста 26 шағынауданнан келген жастар топ жарды. Ал 2-орынға 29 шағынауданының жастары тұрақтанса, 8 шағынаудан командасы жүлделі 3-орынды иеленді.
Айта кетейік, аталған жарыстың негізгі мақсат – жастар арасында ұлттық спорт ойындарын насихаттау, ұлттық ойындарды жаңғыртып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.