Ақтауда Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары төрағаларының кеңесі өтті. Кеңеске Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай, “Ақтау Студенттер Альянсы” КҚ атқарушы директоры Серік Парасат және ұйым төрағалары қатысты.
Жиын барысында студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысы, студенттердің бос уақытын тиімді өткізу мәселелері қаралып, бірқатар ұсыныс айтылды. Сондай-ақ студенттер идеясын іске асыруға бағытталған жобалар талқыланды. Дәстүр бойынша өзін-өзі басқару ұйымдарының төрағалары төсбелгімен марапатталды.
– Студенттердің қоғамда белсенділігін арттыру, көшбасшылық қасиетін дамыту, тұлғалық даму және жетістікке жетуге талпынған жастарға мүмкіндіктер беру мақсатында түрлі жобаларды іске асырып келеміз. Әрі қарай да студенттердің басын біріктіріп, жаңа көзқарас пен идеяны бір алаңға тоғыстыру жолында қызмет етудеміз. Ал бүгінгі ұйымдастырылып отырған кеңес студенттерге қызықты, керекті жобалар талқыланып, болашақты жоспарлауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан әр студенттің пікірі, белсенділігі біз үшін құнды, – деді «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ атқарушы директоры Парасат Серік.
Парасат Серік студенттерге арналған жобаларды ұйымдастыруда белсенділік танытып, олардың құқығын қорғау мақсатында елеулі еңбек етті. Дегенмен «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ-ның жұмысын одан әрі жетілдіріп, жетістігін арттыру үшін жаңашылдық керек. Сондықтан кеңес отырысында“Ақтау студенттер Альянсы” КҚ-ның атқарушы директоры болып Қолғанат Мұрынбаев тағайындалып, жастарға таныстырылды.

Өз кезегінде Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай жаңа атқарушы директорға міндеттерін түсіндіріп, жастардың дамуына бағытталған креативті ұсыныстарын қарастырып, қолдайтынын айтты.
Шара соңында студенттерге алғыс хат пен көшбасшыларға төсбелгі табысталды. Еске салайық, шара “Students life” жобасы аясында өтті.










