Ақтау қаласында «Жылдың үздік студенті» арнайы жобасы аясында «Өнерлі жас толқын» ақындар байқауы өтті. Оған жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері қатысты.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде ақындар туған жер тақырыбында туындыларын оқыды. Ал екінші кезеңде «Мен жастарға сенемін» тақырыбы ақындарға арқау болды.
Өлеңнен өрнек өрген жастарға ақын, аудармашы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Жас тұлпар, жастар» премиясының иегері Еділбек Дүйсен, ақын, Мұнайлы аудандық мәдениет үйінің қызметкері, Ақтау қалалық жастар сыйлығының иегері Болатбек Пайпақов және «Шоқжұлдыз» поэзия клубының жетекшісі, «Ақтау студенттер альянсы» студенттер ұйымының өкілі Ақмарал Атамурадова қазылық етті.
Екі кезеңде де шығармашылық шеберліктерін көрсеткен Жанболат Алиев 1-орынға, Лаура Тасмұхан 2-орынға және 3-орын Әділбек Алламбергенов ие болды. Жеңімпаздар арнайы дипломмен марапатталып, «Жылдың үздік студенті» облыстық байқауға жолдама алды.