Ақтауда ҚР Мемлекеттік Рәміздер күніне орай мотошеру өтті.
«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» ЖҚ Маңғыстау облыстық филиалы 2 маусымнан бері рәміздер күніне орай бірқатар іс-шараны ұйымдастырды. Алдымен Мұнайлы ауданы Батыр ауылында 200-ге жуық тұрғын әнұран шырқады. Ақтау қаласының жастары «Амфитеатр» алаңында «Атамекен», «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық әндерді айтып, көпшіліктің назарын аударды. Ал бүгін, 4 маусым күні 12 мотобайкер мен 20-дан астам жеңіл көлік жүргізушілері көк байрақты желбіретіп, 1 сағат көлемінде қаланы аралады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған.
– Баршаңызды Мемлекеттік Рәміздер күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған көк туымыз көгімізде желбіресін. Елтаңбамыз ұлықталып, әнұранымыз ізгі ұғымдардың рухани жаршысы ретінде шырқала берсін, – деді Абзал Марат «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» ЖҚ Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы.