Маңғыстау облысында өңірлік жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Есірткісіз Маңғыстау» жобасы аясында биыл бірқатар әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар қолға алынуда.
Атап айтқанда, 26 маусым – Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай «Санаңды сақта» атты жастар апталығы өтеді. Апталық 23–27 маусым аралығында болады.
23 маусым – «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мобильді ақпараттық науқан ұйымдастырылады. Науқан аясында ақпараттық брошюралар мен жадынамалар, қоғамдық орындарда «Есірткісіз Маңғыстау» жобасы аясында іске қосылатын колл-орталықтың, ресми сайт пен чат боттың қызметі туралы ақпарат беретін постерлер орналастырылады.

24 маусым – өңірлік инфлюенсерлер, БАҚ өкілдері, жас көшбасшылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен «Санаңды сақта» далалық куесті өтеді.
25 маусым – теңіз жағалауында ұлттық спорт түрлерінен турнир және тақырыптық суретшілер байқауы өтеді. Сондай-ақ, облыстағы жастар ресурстық орталықтарының мамандары, білім беру ұйымдарының психологтары, жастар ұйымдары мен бастамашыл топ жетекшілерінің қатысуымен оқыту бағдарламасы ұйымдастырылады.

26 маусым – синтетикалық есірткі мен психотроптық заттардың таралу мәселелерін талқылауға бағытталған «Есірткісіз Маңғыстау» жастар жиыны өтеді. Панельдік форматта өтетін жиынға аддиктолог Бекше Жұмағали, «Meow» телехикаясының актері Дамир Амангельдин, психолог-аналитик Мәди Абдукеев және басқа да сарапшылар қатысады.
27 маусым – жастар арасында футбол мен баскетболдан жарыстар және аудан жастары арасындағы кездесулер ұйымдастырылады.
#ЕсірткісізМаңғыстау










