Ақтауда Халықаралық жастар күніне орай дәстүрлі садақ атудан ашық турнир өтті. Аталған жарыс Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы мен «Sadaq arena» садақ ату орталығының ұйымдастыруымен, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен жалауын желбіретті.
Турнирдің мақсаты – дәстүрлі садақ атуды дәріптеу, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық тәрбиені нығайтуға бағытталған.
Жарыс «Пута» нысанасы бойынша, жекелей сында өтті. Ерлер – 70 метр, қыздар – 60 метр қашықтықта мергендігін сынады. Қатысушылар ұлттық киіммен келіп, жарыс ережелерін толық сақтады.
Ерлер арасында үздік нәтиже көрсеткендер:
І орын — Манасбек Жалғас (Бейнеу ауданы)
ІІ орын — Жанарыс Амангелді (Мұнайлы ауданы)
ІІІ орын — Шерхан Қаныев (Ақтау қаласы)

Әйелдер арасында жүлдегерлер:
I орын — Гүлназ Жариева (Ақтау қаласы)
ІІ орын — Айнұр Аралбаева (Ақтау қаласы)
ІІІ орын — Фатиха Исмағұл (Ақтау қаласы)

Жеңімпаздарға теледидар, планшет, смарт колонка (Yandex Station) секілді бағалы сыйлықтар табысталды. Жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Бурхандинованың айтуынша, ұлттық спортты ұлықтау әрбір ел азаматының міндеті саналады.
«Бүгінгі турнир – жастарды отансүйгіштікке, салт-дәстүрге жақын болуға шақыратын нақты іс-шараның көрінісі. Біз жастарға рухани тәрбие мен салауатты өмір салтын ұсынатын шараларды алдағы уақытта да жалғастыра береміз», — деді ол.










