«Алтын тобылғы» әдеби байқауына өтінім қабылдау басталды

Үздік жас ақындар мен жазушыларды анықтайтын дәстүрлі байқау биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылады.

Байқаудың мақсаты – заманауи қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, жас қаламгерлерді қолдау, шығармашылығын насихаттау. Бұл әдеби байқауға жылдағыдай Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мұрындық болып отыр.

Байқау номинациялары:

– «Жылдың үздік прозасы»;
– «Жылдың үздік поэзиясы»;
– «Жылдың үздік драматургиясы»;
– «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы»;
– «Жылдың үздік киносценарийі»;
– «Жылдың үздік фантастикалық шығармасы»;

Сонымен қатар қор биыл «Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» арнайы номинациясын тағайындады. Жеңімпаз «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты атанып, 2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болады. Ал арнайы номинация жеңімпазы 3 млн. теңге алады.

Байқауға 18-35 жас аралығындағы жас қаламгерлердің қазақ және/немесе орыс тіліндегі шығармасы қабылданады. Автор екі номинацияға қатысуға құқылы. Байқаудың бұрынғы жеңімпаздары қатыстырылмайды. Бір автордан бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған екі шығармаға дейін қабылданады.

Өтінімді (шығарманы) пошта арқылы Астана қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, 1А, Нұрсұлтан Назарбаев Қорына немесе at2022@fnn.kz электрондық мекенжайына жіберу керек. «Алтын тобылғы» әдеби байқауына қатысуға өтінім 30 қазанға дейін қабылданады.

Толық ақпаратты fnn.kz сайтынан немесе 8 (7212) 767012 телефоны арқылы біле аласыз.

Exit mobile version