15 – 23 сәуір аралығында ақтаулықтар үшін бірқатар мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылады. Соның ішінде сіздерге ең қызықты, әсерлі қойылымдар мен концерттерді ұсынуға тырыстық.
15 сәуір күні 18:00-де М. Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрінің сүйімелдеуімен «Шедевры вокальной музыки» атты концерт өтеді. Концертте «Астана операсының» солисі Артур Габдиев және Маңғыстау облыстық филармониясының солисі Күміс Жұмағалиева өнер көрсетеді.
Ал сағат 19:00 Достық үйінде жиһанкез-блогер, психолог Динара Болаттың «Соңына дейін әйел» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтеді. Өмірге шексіз ғашық жанмен сырласып, жаңа туындысымен танысайық. Айтпақшы, кіру – тегін.
16 сәуір күні Н. Жантөрин атындағы драма театрынан «Ғашықсыз ғасыр» қойылымын көруге болады. Драмада сіз тіршілік қақтығыстарына төтеп бере алған еркек пен әйелдің шынайы махаббатына куә болып, қоғамдағы өзекті мәселелермен бетпе-бет келесіз. Қойылым сағат 19:00-де басталады.
16 сәуір күні сағат 17:00-де «TezTap»-тың көңілді интеллектуалды ойынына қатыссаңыз болады. Басты талап – команда жинап, көтеріңкі көңіл күймен келу. Қазақ тіліндегі куиз 3 шағынаудандағы «Wow» ресто барында өтеді. Ендеше, сәттілік!
Ал би өнеріне қызығатын ақтаулықтарға 18 сәуір күні Абай атындағы мәдениет үйінде өтетін «Салтанатты елім» атты «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің концертіне баруға кеңес береміз. Мың бұралған бишілердің концерті сағат 18:00-де басталады.
Ұлы даланың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов туралы біліп, өнері мен өміріне терең бойлаймын десеңіз, «Биіктік» қойылымынан қалып қоймаңыз. Қойылым 19 сәуір күні сағат 19:00 Н.Жантөрин атындағы драма театрында сахналанады.
20 сәуірден бастап Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры Ақтау қаласында өнер көрсетеді. Алдымен 20, 23, 24 сәуір күндері «Гауһартас» музыкалық драмасын қалын көрерменге ұсынады. Қойылым облыстық драма театрында сағат 16:00, 19:00-де болады.
Мұнан бөлек сағат 19:00-де маңғыстаулық драма театры әртістерінің қатысуымен «Дорогая Елена Сергеевна» драмасының премьерасы өтеді.
21 сәуірде Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры «Абай – Тоғжан» спектаклін сахналамақ. Сағат 17:00, 19:00-де басталады. Қойылымда елге белгілі танымал жас актерлер өнер көрсетеді.
Ал 22 сәуір күні сағат 19:00-де «Шәмші» мюзикліне барып, әнге айналған тұлғаның әсерлі әлеміне сапар шегіп қайтыңыз. Қойылым жүрек түкпіріндегі мейірім мен махаббатты қозғап, ақыл-парасатпен апталған адамгершілік сынды асыл қасиеттерді оятатыны анық.
23 сәуірде Мұқағали Мақатаевтың өмір жолына арналған «Ғашық-жүрек» қойылымы маңғыстаулықтарға жол тартады. Поэтикалық-музыкалық қойылымды сағат 16:00-де Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры сахналайды.