Маңғыстауда белсенді студенттердің базасы құрылған болатын. Осы ретте көшбасшылық қабілеті арқылы жетістікке жетіп жүрген студенттерді таныстыруды жөн көрдік.
Кез келген жетістікке жету үшін «Бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек керек». Бұл сөзді Қарақия кәсіптік колледжінің 3-курс студенті Айзада Қалбек өзіндік ұстаным еткен. Соның нәтижесінді бүгінгі жетістігіне қол жеткізіп, табысқа кеңеліп жүр.
Айзада Қалбек Нұрбергенқызы Қарақия ауданында «Киім үлгілеу, тігінші» мамандығы бойынша білім алады. Оның айтуынша, студенттік өмірі қызықты әрі белсенді өтіп жатыр.
«Студент болған сәттен бері белсендімін. Тіпті, колледж ішіндегі шаралар менсіз өтпейді десем де болады. Студенттік жылдар қабілетімді шыңдауға, өзімді жаңа қырымнан танытуға мүмкіндік беруде. Түрлі байқауларға қатысып, бәсекеге қабілетті болуды үйрендім», – дейді студент Айзада Қалбек.
Айзаданың мақтанышпен айтатын жетістігі көп. Соның ішінде Тараз қаласында өткен халықаралық «Aspara Fashion Week»-те өнер көрсетуі естен кетпейтін естелік.
«Бірінші курста дизайнерлік киімдерімді Тараз қаласында өткен әлемдік «Aspara Fashion Week» көпке көрсеттім. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе әрі жетістік болды. Себебі тігінге деген қызығушылығым, мамандығыма деген сүйіспеншілігін одан әрі артты. Содан кейін коллекцияны толықтырып, әрі өзім модель болып Студенттік фестивальде өнер көрсеттім. Мұндай мүмкіндіктер мен шаралар мені шыңдай түседі», – дейді Айзада.
Сонымен қатар ол колледж аралық жарыстарда да жүлдесіз қалмайтынын мақтанышпен айтты. Айтуынша, 1-курста «Көктем аруы» болса, 2-курста «Күз ханшайымы» атанған.
«Маған сахна ұнайды, өзімді еркін сезінемін. Алдағы уақытта сахна өнері бойынша университетте жоғары білім алуды жоспарлап отырмын», – дейді ол.
Мұнан бөлек жыл сайын өтетін WorldSkills-те тігін шеберлігі бойынша бақ сынап, жүлделі орындарға ие болған. Ал 2-курстан бастап дебатты қолға алып, колледж атынан облыстық пікірсайыс турниріне қатысып жүр. Жақында жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен дебат турнирінде 1-орын алғанын атап өтті. Сондай-ақ ерекше балаларға арнап ағаштан ойыншық жасаған.