Бүгін «JRO UPGRADE» аймақтық жастар қызметкерлерін оқыту бағдарламасының алғашқы күні аяқталды. Өмірлік дағдылар мен жастар ісі бойынша маман, бейресми білім беру тренері, ойлау дизайнының халықаралық UPSHIFT әдістемесі бойынша сертификатталған ментор Нұрлыбай Наурызбаев қатысушыларға жастар ісі мәселелері мен оның негізгі қағидаларын таныстырды. Оның айтуынша, жастар ісі мәселелерінің 8 қағидаты бар.
Атап айтқанда, жастар өміріне қосымша құндылық немесе қуаныш әкелетін қызықты әсерлер, жастардың қажеттіліктерін, қызығушылықтарын және тәжірибесін ескеру, жастардың барлық тобын қосу және қабылдау арқылы әлеуметтік инклюзия. Төртіншіден, жастардың ерікті және белсенді қатысушы, бесінші қағида – жастарды қабілетті және даму ресурсы ретінде қабылдау, жастардың тұлғалық және әлеуметтік дамуы мен жеке-дарлығын нығайту. Жетінші қағида – жастар және жастар ұйымдарымен бірлесіп әзірлеу, іске асыру, бағалау. Сонымен қатар бейресми және жоспарланбаған білім беруге негізделу.
«Жастар орталығы тарапынан ұйымдастырылатын кез келген шара осы сегіз қағидамен жоспарлануы керек. Жастар ісі мәселенің шешімін табумен емес алдын алумен айналысатынын ұмытпау қажет. Сонымен қатар жаастардың, яғни, аудиторияның қажеттіліктері мен сұранысын қанағаттандыру керек. Сол кезде ғана олар ерікті түрде сіз ұйымдастырған шараға келеді. Ең бастысы – санның артынан қумаңыз. Егер санның артынан қусақ, онда сапа төмен түседі», – деді Нұрлыбай Наурызбаев.
@mangystau.zhastary
Ал жастар ісі жөніндегі маман, бейресми білім беру тренері Сабыржан Кеңшіліктің айтуынша, кез келген шара жайдан-жай өтпеуі керек. Яғни, шара өз маңыздылығына сай біреудің тұлғалық дамуына әсер етіп, оның қоғаммен араласуына жағдай жасауы тиіс.
Оқыту барысында жастар еркін пікір алмасып, толғандырып жүрген сауалдарына жауап тапты. Ал ертең жастар орталығы арқылы жастар ісін іске асырудың шетелдік және отандық кейстері айтылады. Ақпараттандыру, білім беру бағдарламалары мен жобалық қызметі жайлы ой өрбітеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА