Маңғыстаулық боксшы Бекзат Нұрдәулетов кітап оқудың пайдасы туралы айтты. Әлем чемпионы өзігнің сұхбатында ұлттық құрама сапындағы аға буыннан қандай өнеге алғанын айта келе, жылына жиырмадан астам кітапты оқып шығатынын жеткізді.
«Спорт министрі» ютуб-арнасына берген сұхбатында ол жастарға үлгі боларлық бірталай жақсы қасиеттер туралы сауалға жауап берді.
«Кітапты жиі оқимыз. Бұған мені баулығын Абылайхан Жүсіпов болатын. Кітапты ол көп оқитын шығар. Екеуіміз бір-бірімізге әрдайым кітап сыйлап тұрамыз. Ақыл-ой айтып, пікір алмасып отыратынымыз тағы бар. Биылға 20 кітап оқуды мақсат еттім. Қазіргі уақытта ол меже тек 12 кітап болды. Осы оқу-жаттығу жиындарына 2 кітап алып келгем. Әр адам кітап оқуы тиіс. Есенберлиннің «Көшпенділелерін» оқыған адам өзінің қазақ екенін, қандай ұлт екенін таныр еді деп ойлаймын», – деді Бекзат Нұрдәулетов.
Сондай-ақ, ол дұрыс тамақтану бойынша Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левиттен не нәрсені үйренгенін жеткізді.
«Диета бойынша Василий Левиттен көп нәрсе үйрендік. Одан бөлек, Абылайхан Жүсіпов, Қамшыбек Қоңқабаев, Закир Сафиулин деген ағаларымыздан дұрыс тамақтанудың не екенін көрдік. Бұрын ақуыз деген сөздерді түсінбейтінбіз. АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиындарында сұрап, сол әдістеме бойынша дағдығы айналдырдық. Осы уақытқа дейін Василий Левиттің әдістемесін ұстанып келеміз», – деді Б.Нұрдәулетов.