Кеше Ақтауда ІТ-ағартушы Тимур Бектұр маңғыстаулық жастармен кездесіп, жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен болашағы жайлы сөз қозғады.
Жасанды интеллект күн өткен сайын қарқынды дамуда. Оның мүмкіндіктері арқылы әлем өзгеруде. Эндрю Ынның айтуынша, жасанды интеллект – электр энергиясымен бірдей. Тіпті, төртінші өнеркәсіптік революциядағы негізгі технологияларының бірі десек те болады.
Тимур Бектұрдың айтуынша, телефонды қолданушылардың саны 50 млн-ға жету үшін 75 жыл қажет болған. Радиоға 38 жыл, теледидарға 13 жыл, интернетке 4 жыл, фейсбукке 2 жыл, инстаграмға 19 ай керек болған. Ал бүгінде Тик-Токқа күн сайын 50 млн адам кіреді екен. Міне, технологияның даму қарқыны осылай. Соның әсерінен бүгін актуалды болған нәрсе, ертең маңыздылығын жоғалтуы әбден мүмкін. Сондықтан да ол кез келген технологиялық дүмпуге дайын болу үшін жастарды ІТ сауаттылықты арттыруға, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға шақырды.
«Қазір күнделікті өмірімізде шағын функциаларды атқаратын жасанды интеллект бар. Біз оны байқай бермеуіміз мүмкін, бірақ соның күші арқылы өміріміз біршама жеңілдеуде. Мәселен, таксидің неше минутта келуі, белгілі бір орынға қанша минутта жетуі, кептелістің бар-жоғын анықтау, сіз тұрған жерге жақын орналасқан нысандарды көрсету, фото, видеоны өңдеу сынды функцияларды орындауда. Демек, жасанды интеллекттің жылдамдығы арқылы адамдардың уақыты, жүйкесі, ақшасы үнемделіп жатыр», – дейді Тимур Бектұр.
Жасанды интеллекттің қауқары мамандарды алмастыруға дейін жетеді. Десе де ІТ-ағартушы Тимур Бектұр қазақстандықтарға бұл тұжырымнан шошымау керектігін тілге тиек етті.
«Жасанды интеллект мамандықтардың рөлін атқарып, мамандарды алмастыруы мүмкін. Бұдан қорықпауымыз керек, себебі мұндай деңгейге жету үшін біздің елге көп уақыт қажет. Бірақ технологиялық дүмпу деген қызық дүние, бір орында тұрмайды. Бұған дейін қазақ қоғамы генеративті АІ жайлы біліп, тіпті естіген жоқ еді. Негізі оның жасалып жатқанына 10 жылдай уақыт болған. Технологиялық дамудың шыңына шыққаннан кейін лабораториялық деңгейден әлемдік деңгейге шығарды. Мысалы, ChatGPT-ге 5 күнде 1 млн қолданушы, 2 айда 100 млн қолданушы кірген. Өйткені, оған сұраныс болды. Осындай сәтте мамандықтарда трансформация болып жатыр. Қазір Америкада ChatGPT-ді сабақ барысында қолдану жайлы талқылаулар болуда, мұның өзі мұғалімді жартылай алмастырады деген сөз. Сонымен қатар денсаулық сақтау, жылжымалы мүлік индустриясы, сақтандыру саласына да өзгерістер әкеліп жатыр. Себебі өте жақсы ассистент, болжам жасаушы, контент жасаушы бола алады», – дейді Тимур Бектұр.
Қалай десек те өміріміз жасанды интеллектпен тығыз байланысты. Сондықтан осы сәттен бастап цифрлық сауаттылықты меңгеріп, жасанды интеллект арқылы дамиық.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Асхат МЕКЕ