Саламат Бауыржан – Қарақия кәсіптік колледжінің 3-курс студенті. Қазіргі таңда дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алады.
Дәнекерлеуші мамандығын таңдауға атасы себепкер болған. Оның айтуынша, ата кәсібін көріп өскен соң осы жолды жалғастырғанды жөн көрген.
– Менің ойымша, қазір дәнекерлеуші сұранысқа ие мамандық. Әсіресе, құрылыс қарқыны жақсы дамыған қалада өз мамандығым бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік көп. Жалпы дәнекерлеушінің жұмысымен жастайымнан таныстым. Сондықтан алған білімімді іс жүзінде көрсету оңайға соғады деп ойлаймын. Осылайша, ата жолын қуып, кәсіпте жетістік пен мол табысқа жеткім келеді, – дейді Саламат Бауыржан.
Жас белсенді темірді қыздырудан бөлек спортпен шұғылдануды әдетке айналдырған.
– Дзюдо, қазақша күрестен спорттық жарыстарда бақ сынадым. Облыстық, республикалық байқауларда жеңімпаз болдым. Бұдан бөлек мобилограф ретінде өзімді дамытудамын, – дейді ол.
Оның айтуынша, мобилография саласына келгеніне 1 жыл болған. Бұл салаға қызығушылғы суретке түсіріп, пресет жасаудан басталған. Кейін табиғаттан шабыт алып, ондағы сұлулықты видеоға түсіруді қолға алған. Қазір табиғат, ауыл өмірі мен машиналарды жиі видеоға түсіріп жүр.