Ақшұқыр футбол үйірмесінің жас футболшылары Қырғызстанда 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен футзалдан халықаралық «Тәуелсіздік кубогі» турнирінде І орын иеленді.
Халықаралық турнир 16-20 тамыз аралығында Қырғызстанның Қаракөл қаласында өтті. Турнирге Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан командалары қатысты.
– Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қарсылас командалар да жан-жақты дайындалған. Турнирде чемпион боламыз деген мақсат қойып, өз дегенімізге жеттік. Өте қуаныштымын, шәкірттерім жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетті, – деді команда бапкері Әділет Асанғалиев.
Турнир қорытындысы бойынша түпқарағандық команда арнайы кубок, медальмен марапатталды. Сонымен қатар турнирдің «Үздік ойыншысы» номинациясын Амангелді Сақи, «Үздік қақпашы» номинациясын Жақай Айбар және команда жаттықтырушысы Әділет Асанғалиев «Турнирдің үздік бапкері» номинациясын жеңіп алды.