Ақтауда маңғыстаулық жастардың қатысуымен «Qazaqsha quiz» интеллектуалды ойыны өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Ойынға облыс бойынша 21 команда, барлығы 105 жас қатысты. 6 кезеңнен құралған ойынның басты ерекшелігі – қатысушы ретінде сан түрлі сала өкілдері атсалысты, соның ішінде ауыл жастарына басымдық берілді. Іс- шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.
-Зияткерлік сайыста бәсекеге түсетін әрбір команда өз ортасында топ жарған мықты қатысушылардан құралған. Сәттілік серіктеріңіз болғай! Алдағы уақытта туыс-бауырларыңыз бен жора-жолдастарыңыздың интеллектуалды ойындарға қатысуына ықпалдасып, үлгі болыңыздар. Жастардың таным-көзқарас көкжиегін кеңейтетін іс-шаралар легі толыса берсін, – деді Ұлықбек Тналиев.
Сондай-ақ, өңірлік жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мұқаш Оралбай ойын барысында Маңғыстау өңірінің тарихы мен табиғаты, маңғаз мекеннің ерекшеліктері туралы логикалық сауалдар болғанын айтты.
-Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Аймақтағы жастар арасында интеллектуалдық ойындарды ұйымдастыру арқылы жастардың зияткерлігін арттыру» тақырыбында мемлекеттік грант жүзеге асып, «Риза ана» қоғамдық қоры жеңімпаз атанған болатын. Сол себепті аталған Қор «Qazaqsha quiz» интеллектуалды ойынын жүзеге асыру барысында өңіріміздің аудан-қалаларында іріктеу ойындарын өткізіп, бүгін финалдық қорытынды ойынын ұйымдастырып жатыр. 6 кезеңнен ең жоғары ұпай жинаған үздік командалар бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады, – деді Мұқаш Оралбай.
Аталған ойын нәтижесі бойынша 1 орынды Бейнеу ауданы «Бейнеу ауданының әкімдігі» командасы иеленсе, 2 орынды Жаңаөзен қаласының «ӨзенМұнайГаз» құрамасы алды. Ал, 3 орынға Ақтау қаласының «Ауылдың үлкендері» командасы жайғасты.