Маңғыстаулық балуан Нұрдәулет Жарылғапов қазақ күресінен Үндістанның Нью-Дели қаласында өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.
Еліміздің қазақ күресі федерациясы байрақты бәсекеге қатысатын ұлттық құраманың тізімін жариялады. 26-27 ақпан күндері өтетін әлем біріншілігінде Нұрдәулет Жарылғапов аса ауыр салмақта күреседі.
Ерлер құрамасында Бекжан Төлепов, Мейіржан Берекетов, Нұр Аманшүкіров, Жұмажан Қожамбеков, Ерсін Сейітқазынов, Айдос Ғалымов, Ерсұлтан Мұзаппаров және Нұрдәулет Жарылғапов өнер көрсетеді. Ал әйелдер сапында Айжан Жылқыбаева, Аружан Адасхан, Рауза Нұрмахамметова, Гүлім Елубай, Зарина Сарипова, Роза Нысантайқызы, Ұлболсын Әділова және Альбина Бахиева бозкілемге шығады.
Жарыс алдында ұлттық құрама балуандары Алматыда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалатын болады.