Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворковичпен кездесіп, оқушылар арасында шахмат қозғалысының дамуы туралы баяндады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворковичті қабылдаған болатын. Кездесуде Президент оқушылар арасындағы шахмат қозғалысын дамытудың маңызды екеніне тоқталды еді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында Халықаралық шахмат қауымдастығының президенті Аркадий Дворковичпен оқушылар арасында шахмат қозғалысын дамыту бойынша ынтымақтастықты талқыладым. Шахматты насихаттау, оқыту әдістемесі, басқа елдердің тәжірибесін зерттеу, сондай-ақ мұғалімдерді даярлау мәселелерін талқыладық. Аркадий Дворкович пен Қазақстан шахмат федерациясындағы әріптестеріміз министрліктің бастамаларын қолдап, балаларды шахмат ортасына тарту жұмыстарына атсалысуға дайын екенін жеткізді. Бүгінгі таңда біз мектептерде «Шахмат» факультатив пәнін енгізу және шахмат бойынша қосымша секцияларды ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Дене шынықтыру бойынша үлгілік оқу бағдарламасының бөліміне «Шахмат», «Тоғызқұмалақ» және т. б. оқу енгізілді. Оқу жылы басталғалы бері шахмат таңдау пәні ретінде 28 мыңға жуық балаға арналған 654 мектепте енгізілді. Ал мектептердегі шахмат секцияларының саны 7 мыңнан асып, 60 мыңнан астам бала оларға қатысуға мүмкіндік алды. Бұл жұмысты әрі қарай да белсенді түрде дамытуды жалғастырамыз,- дейді А. Аймағанбетов.
Министрдің айтуынша, қосымша білім беру ұйымдарында да балаларға арналған 3,5 мыңға жуық шахмат үйірмесі құрылған.
– Шахмат қозғалысын дамыту үшін кадрлармен қамтамасыз ету мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Бүгінде бұл шектеуші факторлардың бірі. Біз федерациямен осы бағытта жұмыс істеуге уағдаластық. Сондай-ақ оқу-әдістемелік құралдарды, арнайы порталды дайындау, шахмат турнирлерін өткізу және жаттықтырушылар мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды. Турнирлер мен түрлі жарыстарды өткізу маңызды. Биыл шахматтан «Ақбозат» республикалық турнирі өтеді. Оған еліміздің барлық өңірінен 2-11 сынып оқушылары қатысады. Мектеп лигасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдардың балаларға қосымша білім беруге арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыруы үшін заңнамалық норма бекітілді. Оның ішінде осы тетік есебінен шахмат бойынша секциялармен қамтуды ұлғайту мүмкіндігі бар. Біз үшін мүмкіндігінше көп баланың шахмат сабақтарына қатыса алуы маңызды. Оқу орындарында барлық қажетті шара қарастырылған шахматты дамытудың арнайы Жол картасы дайындалды,- дейді министр.