Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында ТМД мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің «Жастар форумы» басталды.
«Келешек» деп аталған ауқымды шара осы шаһарда өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына орай ұйымдастырылып отыр. Форум 2 күнге жалғасады. Оған 200-ден аса жас кәсіпкер мен мемлекеттік қызметкерлер, ТМД елдері мен Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше елдердің студенттері қатысып жатыр. Мақсат – жастар арасындағы ынтымақтастықты дамытып, жас буынның тың бастамаларын жүзеге асыруына жаңа мүмкіндіктер жасау. Еуразиялық интеграция идеясын насихаттау. Шара барысында одақ елдері үкімет басшылары орынбасарларының жастармен кездесуін өткізу қарастырылған. Жас кәсіпкерлер үшін түрлі тренингтер мен мастер-кластар ұйымдастырылады.
– Жастар форумынан күтетініміз көп. Себебі келешек өмірдің жарқын болуы жастардың өз қолында. Осы ретте мемлекет басшылары қол қойған 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына ерекше тоқталғым келеді. Онда дамудың басты бағыттары белгіленген. Сол бойынша қазір көптеген жұмыстар атқарылып жатыр,- дейді Еуразиялық Экономикалық комиссия төрағасы Михаил Мясникович.