Күзде әлемдік және қазақстандық спорт сүйер қауымды тартысқа толы бірқатар спорт додалары күтіп тұр. Оқырмандар үшін аталған додаларды төменде тізіп шықтық.
Теннис
Қыркүйекте теннистен Дэвис кубогы үшін тартыс басталады. Бұл жолы әйгілі жарыс жаңа ережемен өтпек. Енді 16 команда төрт топқа бөлініп ойнайды. Қазақстан құрамасы D тобына түсті. Ойындарын 14-18 қыркүйек арасында Ұлыбританияның Глазго қаласында өткізеді. Онда Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Ұлыбритания мен Нидерланды құрамалары болады.
Әр топтан үздік екі команда ширек финалға жолдама алады. Ширек финалдан бастап шешуші матчтер қарашаның соңында Малагада өтеді. Дэвис кубогының биылғы иегері 27 қарашада анықталады.
Бокс
Ал барша қазақстандық күтіп жүрген спорттық іс-шарасы 17 қыркүйекте болады. Қазақстандық Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен үшінші рет жұдырықтасады. Әрине, біз әдеттегідей бұл кездесуді жексенбіде, 18 қыркүйекте таңертең көреміз.
Боксшылардың алғашқы кездесуінде тең есеп тіркеліп, сонда бүкіл әлем «төрешілер Головкиннің жеңісін ұрлап кетті» дескен еді. Ал екінші кездесуде Канело төрешілер шешімімен жеңген.
Енді үшінші жекпе-жекте боксшылар мексикалықтың екінші орта салмақта абсолют әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Бұл кездесу де Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтеді.
Футбол
Футболдан Қазақстан құрамасы биылғы Ұлттар лигасында өте сәтті өнер көрсетіп жатыр. Соның шешуші матчтері де жақындады. Қазақстандықтар 22 қыркүйекте өз алаңында Беларусь құрамасын қабылдайды. Ал 25 қыркүйекте Әзірбайжан футболшыларына қонаққа барады.
Қазақстан құрамасы осы екі ойынның біреуінде жеңіске жетсе, 4-топта бірінші орын алып, В дивизионына көтеріледі. Сонымен бірге, С дивизионындағы басқа үш топтың жеңімпазымен Еуропа чемпионатына берілетін жолдаманы сарапқа салады.
Қазақстандық футболшылар биыл матчтерде жеңіліп көрмеген. Тек наурызда Молдовадан негізгі уақытта жеңілсе де, пенальти сериясында басым түскен еді.
Волейбол
23 қыркүйек пен 15 қазан арасында Нидерланды мен Польша волейболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионатын қабылдайды. Төрт жыл сайын өтетін бұл әлемдік додаға Қазақстан құрамасы да қатысады. Әрине, қазақстандықтар – турнирдегі аутсайдерлердің бірі. 2018 жылы біздің құрама 5 кездесудің бәрінде де жеңіліп қалған.
Ал үздік нәтижесін 2014 жылы көрсеткен, онда 15-орын алған болатын. Биыл біздің волейболшы қыздар С тобына түсті, онда АҚШ, Сербия, Германия, Болгария және Канада құрамалары бар. Әр топтан үздік төрт команда келесі кезеңге жолдама алады. Қазақстан құрамасы алғашқы матчін 24 қыркүйекте АҚШ-қа қарсы өткізеді.