Жастар гір тасын көтеруден жарысты

Фото авторы: Аңсат Рахимов

Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен ұлттық спорт ойындары гір тасын көтерумен жалғасты.

Гір тасын көтеруден қатысушылар 80, 90, 100, +100 салмақ бойынша сынға түсті.

Жарысқа қатысушылардың арасында дзюдо, самбо күресі және суға жүзу спортынан ҚР спорт шеберіне кандидат, қазақ күресінен халықаралық жарыстың қол жүлдегері, гір көтеруден 1 разряд иегері Ерболат Тұрдахын да бар. Ол 29 шағынаудан командасының намысын қорғады.

⁃ Гір тасын көтеруге 3 минут уақыт берілді. Сол уақыт аралығында қай спортшы 224 келі салмақты көтерсе, сол жеңіске жетеді. Қарсылас командалар мықты. Қатысушылар арасында Азия, әлем чемпиондары бар. Ойын тартысты өтті. Бұқаралық спортты қолдаймыз және дами берсін! – дейді Ерболат Тұрдахын.

Нәтижесінде 29 шағынаудан жастарынан құралған команда топ жарды. Ал 2-орынды 26 шағынаудан командасы иеленсе, 3-орын 28 шағынауданның жастарына бұйырды.

Айта кетейік, ұлттық спорт ойындарынан жарыс Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының және Маңғыстау облысының дзюдо күресі және жекпе-жек түрлері федерациясының ұйымдастыруымен өтті. Негізгі мақсат – жастар арасында ұлттық спорт ойындарын насихаттау, ұлттық ойындарды жаңғыртып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

 

Exit mobile version