“Жеті жұрт” қоғамдық бірлестігі “Ұлттық құндылық – ұлттың қазынасы” жобасы аясында жастармен кездесу өткізді. Кездесуге Маңғыстау облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов келіп, жастарға ұлттық құндылықтар мен ұлт тәрбиесі туралы сөз қозғады.
Оның айтуынша, ұлттық құндылық, ұлттық тәлім-тәрбие, ұлттық рух – халықтың бет пердесі, тірегі. Әрбір ұлттың өміршеңдігі ұлттық құндылықтарының сақталуына тікелей байланысты. Сол себепті ол жастарды ұлттың дамуы мен кемелденуі үшін білім алуға, ата салтын сақтап, дәстүрін дәріптеуге шақырды.
Сонымен қатар қазіргі таңда жастар арасында зиянды әдетке құмарлық артып жатқанын тілге тиек етті.
– Жастар бұзылса, білім мен ғылым жолынан тайса, тәрбиеден адасса, елдің болашағы бұлыңғыр болатынын да атап өтті. Жастар – елдің ертеңі, кемел болашағы. Қазіргі жастардың бейнесі – болашақ еліміздің, ұлттық құндылықтарымыздың айнасы. Демек, әр бір жас осы сәттен бастап жауапкершілік ала білуі керек. Жетістікке жолында ізденіп, ұлтына адал қызмет ете білуі керек, – деді Оңайбек Әбділов.
Шара барысында жастар ардагер ақсақалмен еркін пікір алмасып, сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
Айта кетейік, кездесуді “Жеті жұрт” ҚБ Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен өткізді.